Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да жол сапасына тексеру жүргізіледі

2021 жылдың 21 сәуір 2021 20:18

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов жол жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты бірқатар мәселені қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол сапасына қатысты шағымдардың көбісі Өскемен мен Семей қалаларының тұрғындарынан түсуде. Биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардан жалпы ұзындығы 137 шақырым болатын 9 учаскені жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 86 шақырым – облыстық, 51 шақырым – аудандық маңызы бар жолдар.

«Бұдан бөлек, қалалар мен аудандардың 201 шақырымдық көше жолдарын жөндеуге 7,4 млрд теңге жұмылдырылды. Соның аясында «Ауыл - ел бесігі« бағдарламасына сәйкес 34 елді мекендегі 165 шақырым көше жолын жөндеуге 3,7 млрд теңге бөлінді. «Үлкен Нарын-Күршім» жолының 11 шақырымы, «Мақаншы-Жалаңашкөл» жолының 20 шақырымы, «Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар» жолының 11 шақырым, «Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар» жолының 20 шақырымы, «Күршім-Қалжыр» жолының 15 шақырымы, «Таврия-Каменка-Тройницкое» жолының 10 шақырымы, «Сөгір-барлық-Ақсу» жолының 14 шақырымы, «Күршім-Ақсуат-Ақсуат» жолының 27 шақырымы жөнделеді», – деді ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов әкімдерге жол жөндеу жұмыстары барысына бақылауды күшейтуді тапсырды.

«Өскемен, Семей қалаларының әкімдері орындалған жұмыстардың сапасын қосымша тексеріп отырсын. Сондай-ақ кепілдік мерзімі бар, бұған дейін енгізілген учаскелерді тексеруі қажет. Көше жолдарын қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Аяқталуы 2021 жылға жоспарланған нысандарды пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет», – деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ әкім Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы сапасының маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда Семей қаласында автожол көпірін қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал жалпы құны 31,1 млрд теңгені құрайды.


Жоғары қарай