Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да жыл басынан бері найзағайдан орманда 12 рет өрт шыққан

2021 жылдың 21 мамыр 2021 21:25

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылдың басынан бері найзағайдың салдарынан орманда 12 рет өрт шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, найзағай соғуы салдарынан өңірде жазатайым оқиғалар мен өрттер аз тіркеліп жатқан жоқ. Соңғы үш жылда найзағайдан 2 адам зардап шеккен. Ал биыл бұл 12 орман өртіне себепші болып отыр.

«Найзағайдың электр разрядтары өте қауіпті. Шығыс Қазақстанда негізінен мамыр-қыркүйек айлары аралығында күн күркірейді. Осы ретте, қауіпсіздік мақсатында тұрғындарға терезелері мығым жабылған бөлмелерде найзағайдың басылғанын күту керектігін ескертеміз. Электр желілерінің жанында тұрмаған абзал. Облыста найзағайдың салдарынан шопандар қаза болып жатады. Әдетте, найзағай кезінде олар атқа мініп шауып кеткен. Ал бұған қатаң тыйым салынады. Егер сіз найзағай кезінде ашық далада болсаңыз, онда тоқтап, аттан түсіп, ауа-райының тұрақталғанын күтуіңіз керек», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Департамент мамандарының айтуынша, үйде отырғандар найзағайдың тұрмыстық техника үшін қауіпті екендігін қаперде ұстаған жөн. Сондықтан электр құрылғыларын өшіріп қою қажет.

«Қазгидромет» ШҚОФ ақпаратына сәйкес, 22 мамырда Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, солтүстік-шығыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.


Жоғары қарай