Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Шөкеев: Мақтаарал ауданындағы құрылыс жұмыстары бір сәтке де бәсеңдемеуі тиіс

2020 жылдың 25 маусым 2020 19:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барды. Сапар барысында облыс әкімі алдымен Жаңажол ауыл округіне қарасты су тасқынынан зардап шеккен Өргебас елдімекенін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда мұнда 209 үйдің 184-інің иелерімен келісімшарт түзіліп, 184 отбасына 8,5 млн теңге қаржы аударылған. Жалпы бүгінгі таңда бұзылған үй саны 145-ке жетіп отыр. Аталған 145 үйдің аумағы тазартылып, іргетасын құю жұмыстарына дайындалған. Ал 122 үй іргетасы құйылып, 31 баспананың қабырғалары қалануда.

Атқарылған жұмыстармен танысқан Өмірзақ Естайұлы үй құрылысын жылдамдату мен аулаларды қоқыстан тазарту, жол жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Айта кетейік, Өргебас ауылына Жетісай ауданы жауапты боп бекітілген болатын. Қазір мұндағы жұмыстарға 613 құрылысшы тартылған.





Мұнан соң облыс әкімі Фирдауси ауылына ат басын бұрды. Мұнда да құрылыс жұмыстары қарқын алған. Қазіргі таңда Фирдаусидағы 340 үйдің 277 баспана иелерімен келісімшарт жасалып, бәріне дерлік 8,5 млн теңгеден аударылған. Мұнда бүгінде 133 үйдің іргетасы құйылып, 17 үйдің қабырғасы қалануда. Сондай-ақ, 1 үйдің шатыры жабылуда.

Облыс әкімі сапар барысында Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен де танысты. Жаңа мөлтек ауданда бүгінде Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекен тұрғындарының келісімі бойынша 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 196 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 190 тұрғын үй («Б.Утемуратов», «Салиқалы ұрпақ», «Біз Біргеміз») қорынан салынуда. Мұнда бүгінде 274 үйдің қабырғасы қаланып, 65 үйдің шатырын жабу жұмыстары жалғасуда және 55 үйдің ішкі сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. 1-шілдеге дейін 100 үйдің шатырын жабу жоспарланып отыр.





«Мақтаарал ауданындағы су басқан 5 елдімекендегі төтенше жағдай салдарын жою, жаңа мөлтек аудан мен екі ауылдағы үй салу жұмыстарын бір сәтке де бәсеңдетуге болмайды. Ең бастысы – құрылыстың сапасына мән беруіміз қажет. Сондай-ақ, үй салуға бөлінетін, 1000 долларлық, 100 мың теңгелік төлемдерді дер кезінде аударып беру, төлеу мәселелеріне жылдамдату керек. Тамыз айының алғашқы күнінде жаңа мөлтек аудандағы үйлердің бәрінің дерлік шатырлары жабылып бітуі тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Сапар соңында өңір басшысы облыстық штабта мәжіліс өткізіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде үй құрылысы, бір реттік өтемақы, ауыл шаруашылығы шығындарын өтеу, Фирдауси, Өргебас ауылдарындағы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары туралы күнделікті мәлімет беріп отыруды тапсырды.














Жоғары қарай