Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҰАА Қашғар округінің 4,7 млн тұрғыны коронавирус тестілеуінен өтеді

2020 жылдың 26 қазан 2020 09:42

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағының (ШҰАА)Қашғар округінің барлық халқы коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тестілеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі денсаулық сақтау істері жөніндегі жергілікті комитеттің мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Жексенбі күні ШҰАА Қашғар округінің 2,8 миллионнан астам тұрғыны коронавирус тестілеуінен өтті. 137 симптомсыз ауру тасымалдаушы анықталды. Барлығы 4,7 млн адам тестілеуден өтуі тиіс, оны жергілікті билік осы сейсенбіде аяқтауды жоспарлап отыр.

Өткен сенбіде ШҰАА билігі Қашғар округінде жергілікті тұрғындар арасында симптомсыз жұқтырудың бір оқиғасы анықталғаннан кейін қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға шұғыл ден қою режимін енгізді. Сонымен, жоспарлы тексеру барысында 17 жастағы қыздың коронавирусқа тесті оң нәтиже көрсетті. Қыз жергілікті тоқыма кәсіпорнында жұмыс істейді және соңғы жылы аймақтан тыс жерлерге шықпаған.

Тігін фабрикасының басқа 831 қызметкерінің тесттері оң нәтиже көрсетпеді, алайда қыздың таныстары мен оның ата-аналарын, сондай-ақ олармен байланыста болған адамдарды тексеру барысында аурудың тағы 137 симптомсыз тасымалдаушысы анықталды.

ШҰАА Қашғар округінде қоғамдық денсаулық саласындағы күрделі төтенше жағдайларға ден қоюдың бірінші деңгейі енгізілді.

Еске сала кетейік, шілде айының ортасында ШҰАА әкімшілік орталығы Үрімжі қаласы коронавирустың ошағына айналған еді, содан кейін жергілікті билік 40 күнге созылған локдаун енгізді.

Авторы: Руслан Сүлейменов


Басты сөздер: Коронавирус, Қытай,
Жоғары қарай