Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Шығыс Қазақстанда биыл 7,5 мың түлек ҰБТ тапсырады

2022 жылдың 22 мамыр 2022 08:51

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында осы жылы 7510 түлек ҰБТ тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 8859 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 7510 түлек, яғни 84 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспақ.

«Балалар тестілеуге қатысу үшін тестcenter.kz сайтында өтінім берді. Облыста Өскемен, Семей қалаларында және Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылында ҰБТ өткізілетін үш пункт бар. Тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады», - дейді басқарма басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Түлектер үш міндетті және екі бейінді пән бойынша сұрақтарға жауап береді. Жалпы тестілеуде 120 тапсырма болады. Түлек ең көбі 140 балл жинай алады.

«Биыл мемлекеттік грантқа үміткерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Ал оқуға түскен кезде ең жоғары балл жинаған сертификатты көрсетеді. Биыл облыстық бюджеттен 450 грант бөлініп отыр. Оның 60 пайызы техникалық мамандықтаға болса, қалғаны медицина, білім, ветеринария сынды салаларға», - деді Сайрангүл Жұмаділова.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да жарты млн астам адамның зейнетақысы мен жәрдемақысы өскенін хабарлаған едік.



Жоғары қарай