Шығыс Қазақстанда орманда адасып кеткен 61 жастағы ер адам табылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында орманда адасып кеткен 61 жастағы ер адам табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 9 қаңтарда сағат 21.00-шамасында құтқарушыларға 61 жастағы ер адамның «Боровлянка» демалыс базасына қарай жылқысын іздеуге шығып, сол күйі хабар-ошарсыз кеткені туралы хабар түскен.
Озерки ауылынан екі туысы атқа мініп алып оны іздеуге шыққан.
«Көп ұзамай ТЖД қызметкерлері көмекке келіп жетті. Олар Новопокровка ауылынан 5 шақырымдай жердегі орманнан ер адамды тауып алды. Құтқарушылар оны үйіне жеткізді. Азамат медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, департамент мамандары өңір жұртшылығына дауылды ескерту кезінде алыс жолға шықпау қажеттігін ескертеді.