Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шығыс Қазақстандағы мектептер дәстүрлі форматта оқуға дайын ба

2021 жылдың 30 тамыз 2021 15:01

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 647 мектеп бар. Білім ордаларында 24 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Жаңа оқу жылы биыл дәстүрлі форматта өтетіндігі белгілі. Ал өңір мектептері бұған қаншалықты дайын? Осы мақаламызда бұл сауалдың жауабын іздеп көрген едік.

Санитарлық талаптар қатаң сақталған

Коронавирус пандемиясына байланысты былтыр оқушылар қашықтан білім алды. Ал 2021-2022 оқу жылы офлайн өтетін болды. Осы жаңалықты естіген Шығыс Қазақстандағы мектептердің ұжымы қызу дайындық жұмыстарына кіріскен. Бүгінде өңірдегі 647 мектепте 198 624 оқушы бар.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, барлық мектеп байланыссыз термометрлермен, бактерицидті шамдармен, санитайзерлермен, дезинфекциялық кілемшелермен, маскалармен және дезинфекциялық құралдармен толықтай қамтамасыз етілген.

«Білім ордаларының 100 пайызында «Ashyq» қосымшасы енгізілген. 543 мектепте медициналық кабинет бар. Ал осындай кабинеті жоқ ауыл мектептерінің оқушыларына медициналық пункттердің және дәрігерлік амбулаториялардың ақ халаттылары қызмет көрсетеді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Мектептер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, оқытудың бірнеше форматында жұмыс істейді. Атап айтқанда, дәстүрлі, аралас және қашықтан. Бірінші сыныпқа баратын балалар үшін 1 қыркүйекте дәстүрлі түрде алғашқы қоңырау соғылады. Ал 2-11 сыныптарға ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздіктің жетістіктері» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілмек.

Жаңа төсбелгі және қомақты сыйақы

«Мұғалімдердің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа дейін төмендейді. Ал сабақтың ұзақтығы 45 минут болады. Барлық білім беру ұйымдарында цифрлық платформаларға қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Мысалы, 1-11 сынып оқушылары ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған мазмұнды платформаларды пайдаланатын болады», - деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылында өңір әкімінің атынан алғаш рет педагогтарға «Шығыс Қазақстан облысының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» құрметті атағы, 600 мың теңге ақшалай сыйақы және «ШҚО еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісі беріледі. Осындай марапаттарды білім беру жүйесіне үлкен үлес қосқан педагогтар иеленбек.

Өткен жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаны белгілі. Бұл ұстаздардың еңбек жағдайын жақсартуға және жалақысын арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда облыстағы 24 045 педагогтың 13 916-сы жаңа формат бойынша аттестаттаудан өтіп, өз жалақысын 30%-дан 50%-ға дейін көтерді. Өткен оқу жылынан бастап алғаш рет 800 педагог магистратураға 26 мың теңге көлемінде қосымша ақы алды», - дейді Сайрангүл Жұмаділова.

Жаңа оқу жылынан бастап педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді. Егер бұрын жұмысқа директор алса, енді тиісті біліктілік талаптарына сәйкес конкурс электронды форматта өткізілетін болады.

«Қыркүйек айынан бастап білім беру ұйымдарының директорларын тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл бірінші басшыларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес жүргізіледі. Педагогикалық қызметке алғаш кірісетін ЖОО түлектері де «Педагог» біліктілігін алу үшін Ұлттық біліктілік тестінен өтуі тиіс», - деді басқарма басшысы.

Жуықта облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Даниал Ахметов кейбір мектептерде оқушы тасымалының біршама қиындық тудырып отырғандығын айтты.

«Оқушыларды мектепке жеткізу өте өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда 134 білім беру мекемесінде осындай қиындық бар. Биыл қосымша 26 автобус сатып алдық. Білім басқармасына жағдайды талдап, тағы қанша автобус қажеттігі туралы ақпарат беруді тапсырдым», - деді облыс әкімі.

Қорыта айтқанда, мектептер жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын аяқтаған. Санитарлық талаптар толықтай ескерілді. Сондай-ақ оқытушылар мен техникалық қызметкерлердің 100 пайызы COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина алды. Себебі балалардың денсаулығы – әркез бірінші орында.


Жоғары қарай