Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Шымкентте пневмониямен ауырғандар саны 5,8 есеге артты

2020 жылдың 29 маусым 2020 18:05

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Маусым айының соңында Шымкент қаласында пневмониямен ауырған науқастар саны 5,8 есеге, жіті респираторлық вирусты инфекцияға шалдыққандар 2 есеге өсті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркеғали Әлімқұловтың сөзінше, қазіргі таңда науқастарды емдеу үшін бір мектеп пен колледжден, Жеңіл атлетика спорт кешенінен қосымша провизорлық төсек орындар дайындалды.

«Бүгінде қалада науқастарды емдеу үшін 2870 төсек орны бар. Оның 650-і жұқпалы ауруханаларға, 2220-сы провизорлық орынға арналған. Осыған байланысты жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалатындар 5 есеге көбейді. Орта есеппен бір күнде 2100-ге жуық шақырту түсе бастады. Шақыртуларға дер кезінде қызмет көрсету үшін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов арнайы тапсырма берді. Осы тапсырмаға сәйкес қалада провизорлық орындар мен күндізгі стационарларды көптеп ашып жатырмыз. Бүгінде Самал-3 шағынауданындағы жаңа мектептен 400 орындық провизорлық орын, Политехникалық колледжден 150 орын ашылды. Ал аптаның соңына дейін 400 орынға жеткізіледі. Сондай-ақ, бүгін Жеңіл атлетикалық спорт кешенінен 150 орын дайындалды және 1 шілде күні ол 450 орынға жеткізіледі»,- деді ол.

Айта кетейік, қалада жұқпалы дертке шалдыққан науқастарды емдеу мақсатында провизорлық орындардан бөлек, күндізгі стационарлық емдеу жұмыстарының да қызметі күшейтілуде.

Пневмония және ЖРВИ дертіне шалдыққан науқастар енді емханаларда да ем қабылдай алатын болды. Бұл үшін мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарда күндізгі стационардың төсек қоры кеңейтілді. 14 мемлекеттік емханада және 26 жекеменшік медицина орталығында 623 төсек-орын дайындалған. Онда науқастар таңертеңгі сағат 8:00-20:00 дейін күндізгі стационарда ем қабылдай алады. Мамандар дәрігердің тағайындауы бойынша науқастарға тамырдан және жамбастан екпе салу сынды емдеу шараларын жүргізеді.


Жоғары қарай