Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шымкентте VІ республикалық әкелер форумы өтуде

2021 жылдың 5 қараша 2021 13:10

ШЫМКЕНТ . ҚазАқпарат - Шымкент қаласында «Әкеге қарап ұл өсер» атты VІ республикалық әкелер форумы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің қолдауымен және «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған форумға еліміздің барлық өңірінен делегаттар қатысуда.

Атап айтқанда, отбасылық саясатқа жауапты орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық ұйымдардың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының және ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың өкілдері әкелер институтын дамыту мәселесін бірлесіп талқылауда.

Сонымен қатар алқалы жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров, БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сейсемәлиев сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.




Отбасы институтын нығайту және ер адамдардың отбасындағы рөлі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған форум барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да жиынның маңызын атап өтті.

«Бүгінде қоғам ауқымды трансформацияны басынан өткізуде. Осылай жедел өзгеріп жатқан қоғамдағы ер азаматтардың орны мен рөлі, оның мойнындағы міндеттер қандай? ХХІ ғасыр жағдайында жақсы әкеге қандай талаптар қойылады? Бүгінгі форум, міне, осы мәселелерді ашық талқылауымен маңызды деп ойлаймын. Сонымен бүгінгі әкелердің ең маңызды миссиясы қандай? Менің ойымша қазіргі әкенің басты міндеті – әйелдері бақытты ету. Себебі, әйел бақытты болса, бала да, отбасы да бақытты болады. Тіпті, әйел бақытты болса, әлем бақытты десек те артық айтқандық емес, – деді Шыңғыс Мұқан.




Қала әкімінің бірінші орынбасары сондай-ақ, Герри Чепменнің «Махаббаттың 5 тілі» атты кітабы ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылып жатқанын айтты.

«Бұл кітапта автор отбасы бақытты болуы үшін мынадай 5 тәсілді қолдануды ұсынады. Олар: жақсы сөз айту, уақытты мазмұнды өткізу, сыйлық беру, бір-біріне адал қызмет ету және физикалық қарым-қатынас. Бүгінгі ер азаматтар осы бес мәселеге мұқият болса, жары мен балаларын бақытты ете алады деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде елімізде отбасы институтының нығаюына ықпал етеді», – деді Ш.Мұқан.














Жоғары қарай