Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Шындық пен қауесет: Зімбір қосылған су коронавирустан емдей ала ма

2020 жылдың 7 сәуір 2020 08:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде коронавирусты емдеу жайында түрлі ақпарат таралып жатыр. Бұл дертке қатысты ақиқат пен аңыздың аражігін ажыратып беру үшін ҚазАқпарат тілшісі ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәстүрлі терапия дәрігері (рефлексотерапевт) Айнұр Құрметбектен сұхбат алған еді.

- Шығыс медицинасының маманы ретінде COVID-19-ды қалай сипаттар едіңіз?

- Шығыс медицинасында ауру түрлері терапиялық, хирургиялық және жұқпалы аурулар деп бөлінеді. Шығыс медицинасының философиясы бойынша аурулар ыстық, суық, жел, ылғал немесе құрғақтан пайда болады. COVID-19 ыстық ауруға жатады, яғни бұл вирус адамның ішіне түскен соң дене қызуы көтеріледі.

- Үнді мистигі Садхгуру COVID-19 коронавирусы туралы «Негізі бұл вирус жануар ағзасында өмір сүруге бейімделген. Жануарлардың иммунитеті адамның иммунитетіне қарағанда жақсы, сол үшін бұлар олардың ағзасында өлмей, өмір сүре береді. Енді олар қандайда бір жолмен адам ағзасына түсті. Оған адамның иммунитеті шыдамай, өлім жағдайлары болып жатыр. Адамның өліп қалуы бұл вирусқа тиімсіз, себебі біз өлсек, бірнеше күннен кейін ол да өліп қалады. Біз одан, ол бізден шошынып жүрміз. Енді біраз уақыт өткеннен кейін ол адам ағзасында адамды өлтірмей өмір сүре беретіндей өзгереді. Демек COVID-19 түбегейлі жойылып кетпейді, тек біздің ағзаға бейімделіп, жеңіл түрге көшеді. Бұл процесс аяқталғанша шамамен екі жылдай уақыт кетеді» дейді. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

- Қазіргі уақытта бұл вирусқа қатысты болжамдар көп, бірақ оның шындыққа жанасатыны дәлелденбеген. Ғалымдардың ауруға қарсы вакцинаны дер кезінде ойлап таба алмай жатқаны да осыдан. Бір белгілісі – бұл ауру теңіз өнімдерінен, теңізде өмір сүретін тіршілік иелерінен адамға жұққан. Иә, расымен, адамның иммунитеті мықты болса, бұл вирус оның ағзасында ешбір симптомсыз өмір сүре беруі мүмкін. Ондай жағдайлар да бар. Кейбір адамда вирус ағзасына түсе салысымен дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы, жөтелу сияқты белгілер бірден байқалады. Демек, әр адамның ағзасы әртүрлі болғандықтан ауру белгісі де әртүрлі болады.

- Коронавирустан сақтану жолдарының бірі – иммунитет көтеру екені туралы айтып өттіңіз. Осы орайда шығыс медицинасы тұрғысынан қандай кеңес беруге болады?

- Адамның ауруға қарсы тұратын қабілеті – иммунитет қана. Біріншіден, адам денесі көп қозғалыста болуы керек. Қозғалыс кезінде қан айналымы да, зат алмасу процесі де жақсы жүреді. Көп қозғалған кезде ішкі ағзаларымыз өз қызметін толық атқарып, бойымыздағы зиянды заттар несеп жолы, тер арқылы шығып кетеді. Екіншіден, иммунитетті көтеру үшін дұрыс тамақтану керек. Мысалы, қытайлар етті көп жемегенмен, әртүрлі шөп арқылы иммунитетін жақсы көтеріп алады. Біз нан мен шайды қалай күнде ішіп-жесек, қытай, жапон, кәрістер шөптік дәрумендерді аспен бірге жиі ішіп-жеп отырады. Иммунитетті көтеру үшін оңтүстік өңірлерде боза деген сусын дайындалады. Ол арпа, бидай, тары және тағы да басқа дәнді дақылдарды қосып, ашытып, ұн қосып жасалады. Бұл сусын адамның иммунитетін көтеруге өте жақсы көмектеседі. Ол зауыттан да шығарылады, бірақ апаларымыз өз қолымен жасаған сусын пайдалырақ. Бозаны кішкентай балаларға да, орта жастағы адамдарға да, қарияларға да күніне бірнеше рет ішуге болады.

- Зімбірдің (имбирь) иммунитетке пайдалы екенін естіген жұрт оны көптеп сатып алуда. Базардағы бағасы бұрын 2 мың болса, қазір 5-20 мың аралығында. Осы зімбірдің адам ағзасына пайдасы, қасиеті туралы айта кетсеңіз. Оның коронавирусты емдеу қасиеті бар деп сенетіндер де бар...

- Бәрі зімбір қосылған су, сарымсақ қосылған сорпа ішіп жазылып кететін болса – адамдар аталған дерттен қаза таппаушы еді. Ал, жалпы алғанда, зімбірдің адам ағзасына пайдасы зор. Біздің елдің тұрғындары ол туралы енді оқып-біліп, жаппай сатып алып жатқаны болмаса – бұған дейін аса мән бермеген. Оны шамадан тыс қолдану асқазанында қышқылы көп, гастриті бар, созылмалы аурулары бар адамдар үшін пайдалы емес.

- Әлеуметтік желіде медициналық университет студенті мынадай пікір қалдырған екен. Оның айтуынша, өткен жылдың желтоқсанынан бері қазақтар коронавируспен ауырып, жазылып кеткенін өздері де білмей қалуы да мүмкін. Оның себебі қазақ халқы ет, сүт сияқты табиғи таза өнім тұтынады, қазы-қарта жейді, біздің ұлттық тағамдар иммунитетті жақсы көтереді. Бұл ойға қатысты не айтуға болады?

- Мен бұл болжамға маман ретінде сенбеймін. Мысалы, аталған вирусты тасымалдаушы адам желтоқсан айында Қазақстанға оралған кезде қаншама адаммен қарым-қатынаста болады. Жаңа жылдың өзінде қонақ күтіп немесе қонаққа барды. Сонда оның айналасындағы бір адам болмаса бір адам ауру жұқтырып алушы еді. Бұл осылай тез жазылып кете салатын ауру болса – әлемде пандемия жарияланбас еді. Бұл – жалған ақпарат. Ал қазы-қарта, жал-жая, құрт жеп, сүт, айран ішуге, табиғи өнімдерді тұтынуға бейім екенін ескерсек – қазақ халқының иммунитеті жақсы екеніне сенемін. Неге бұл вирус қарт адамдарға жұғады және неге егде жастағы адамдар осы дерттен қаза табатынына келер болсақ, жас ұлғайған сайын адамның созылмалы аурулары көбейіп, иммунитеті төмендей бастайды. Вирус адамның денесіне түскеннен кейін бас ауырады, дене қызуы көтеріліп, жөтел және өкпенің қабынуы сияқты белгілер байқала бастайды. Мұндай жағдайда ағзаның ауруға қарсы тұру қабілеті жоқ болғандықтан, адамның бойындағы басқа аурулары да қозады.

- Иммунитет көтеру мен жаттығу жасау арасында байланыс бар ма?

- Иммунитет көтеру мен жаттығу арасындағы байланыс өте тығыз. Күні бойы қозғалмай жата беретін болсақ – зат алмасу, қан айналу қызметі өте баяу болады. Ондай жағдайда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, көкбауыр өз қызметін толықтай атқара алмай, әртүрлі аурулар пайда болады. Йога, емдік дене шынықтыру, суда жүзумен айналысқанда адам бойындағы әр жасуша өз қызметін дұрыс атқарып, ауруға қарсы тұру қабілеті артады. Сондай-ақ, күніне кемі 2-2,5 литр су ішу керек. Мен Қытайға оқуға түскен кезімде тұмауратып ауырып қалған едім. Сол кезде бізге сабақ беретін профессор үйге барып, ыстық су іше берсем, жазылып кететінімді айтты. Мен оның айтқанына құлақ түріп, екі күн бойы ыстық су ішіп, үшінші күні аяғымнан тұрып кеттім

- «Тәні саудың - жаны сау». Үй жағдайында йоганың қандай түрімен айналысуға болады немесе қандайда бір жаттығу түрлері бар ма?

- Қазіргі уақытта еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін интернет қолдана алады. Youtube желісінде үй жағдайында жасайтын жаттығу түрлерін көруге болады. Біздің аурухананың «Қалыпқа келтіру және оңалту орталығындағы» әріптестерім үйде жасауға болатын жаттығу түрлерін жасап, видеоға түсірді және интернетке салды. Сол видеоны қарап, қайталауға болады.


- Коронавирустан қорғанудың тағы қандай жолдары бар?

- «Мен Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында тұрамын. Бұл жақта коронавирус жұқтырғандар көп. Маған өте үлкен қауіп төніп тұр» деп ауру шақырмау керек. Сабыр сақтап, қауіпсіздік шараларын дұрыстап қолдану керек. Қорқа бергенше жеке бас гигиенасын сақтап, уақтылы ұйықтап, уақтылы оянып, уақтылы тамақтану қажет. Бөлмені желдетіп, дәрігерлер кеңесін тыңдау керек. Бұл аурудан сақтанудың бірден-бір жолы – үйден шықпау. Мен халықты дүрлікпеуге, жағымсыз ақпараттарға сенбеуге шақырамын.

Қытайлар эпидемияны не себепті аз уақыт ішінде жеңіп шықты? Себебі оларда тәртіп қатаң. Екіншіден, Қытайда батыс медицинасы мен шығыс медицинасы бірлесе жұмыс істеген екен. Ол жақтағы әріптестерімізбен байланысқан кезде олар коронавирус жұқтырғандардың бәріне халық емін қолданғанын айтты. Ол – инемен емдеу, шөппен емдеу және массаж жасау. Халық емін қолданудың арқасында науқастардың иммунитеті көтеріліп, ауруға қарсы тұру қабілеті нығайған. Коронавирусты емдеу барысында халық емін қолданатыны туралы шетелдік телеарналар да көрсетті. Науқастардың 95%-ына шөптен жасалған дәрілер берілген. Дәрігерлер науқастармен видео арқылы байланысып, денсаулық жағдайы туралы ақпарат алып, тілінің формасын, түсін тексеріп, әр науқастың өзіне тән ем түрін қолданған. Тіл – ішкі ағзаның айнасы. Бұл дертке қатысты вакцина жоқ, сол себепті тек қана адам ағзасында болып жатқан симптомдарды емдеу арқылы ғана жеңе аламыз. Ол жақта миллиардтаған халық тұрса да, 3 500 ғана адам қайтыс болды. Ал Италияда, АҚШ-та, Иранда не болып жатыр? Бізге батыс медицинасы мен шығыс медицинасын біріктіре жұмыс істеуді үйрену керек.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Жоғары қарай