Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шыңғыс хан Ұлытауда жатыр ма: Арыстанбек Мұхамедиұлы әлемдік қауымдастыққа үндеу жасады

2021 жылдың 17 маусым 2021 16:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Алаша хан кесенесіне байланысты тарихты жаңғырту мақсатында әлемдік ғылыми қауымдастыққа үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің зерттеуін деректі фильм арқылы көрсетіп, оның Facebook парақшасында жариялады.

«Алаша ханның шын мәнінде кім екенін анықтау үшін бүгін мен халықаралық қоғамдастыққа үндеу жариялауға бел шештім. Әрине, менің пайымым пікірталас, бәлкім халықаралық резонанс тудыруы мүмкін. Алайда бұл сырттағы елдің біздің тарихымызға, ата-тегімізге қызығушылық тудырары сөзсіз», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ұлттық музей директоры халықаралық зерттеулер арқылы түрлі аңыздарға арқау болған, мифтік образ деңгейінде қалып қойған Алаша хан туралы қисынсыз дәйектерді жоққа шығарып, шын мәнінде оның кім болғанын анықтауды мақсат тұтып отыр.

«Алаша хан мен Шыңғыс ханды бір адам деп санайтын пікірді қолдайтындар көп. Сол себепті әлем деңгейіндегі тарихшы-ғалымдарды тарта отырып, талай ғасырдан жұмбақ болып келе жатқан сұрақтың жауабын беретін уақыт жетті», - деген А.Мұхамедиұлы видеоматериалда бұл пікірді қуаттайтын бірнеше дерек келтірген.

«Біріншіден, Жошы ханнан мәртебесі биік, еңселі кесенеде жатқан кім болуы мүмкін? Немесе әйгілі Жошы ханның қасына жай адамға арнап үлкен кесене салынуы мүмкін бе? Рас, тарихи уақыт тұрғысынан алғанда ең алдымен Жошы ханға, кейін «Алаша ханға» арнап кесене тұрғызылған. Мұның себебін 1227 жылы Жошы ханның әкесінен бұрын қаза табуымен байланыстыруға болады. Шыңғыс хан тұңғыш ұлына арнап үлкен кесене салуға әмір берген. Екіншіден, Жошы хан кесенесінің көлемі 9,55×7,25 метр, биіктігі 7 метр құраса, ал Алаша ханның кесенесінің көлемі 9,73×11,9метрді, күмбезін қоса алғандағы биіктігі 10 метр! Үшіншіден, Алаша ханның кесенесіне кірген кезде маңдайшаға арнайы салынған бөрінің іздерін анық байқаймыз. «Алаша» деген сөздің өзі «бөрі» деген мағынаны береді. Өйткені ежелгі түркілер өздерін Көк Бөрінің ұрпағымыз деп санап, соған табынды. Төртіншіден, Алаша ханның мазарында Қазақ жеріндегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи және тағы да басқа кесенелерде ғана емес, сонымен қатар тұтастай Орта Азияда кездеспейтін, арнайы әскери қорғаныс мақсатын даерекше баспалдақтар салынған», - дейді деректі видеода А.Мұхамедиұлы.


Жоғары қарай