Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Сізбен жақын достық қарым-қатынасты ерекше бағалаймын – ҚХР Төрағасы Елбасына

2020 жылдың 20 маусым 2020 22:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинь Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына телеграмма жолдады. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Тұңғыш Президентінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтыруына байланысты алаңдаушылық білдірді.

«Коронавирус инфекциясы өрши бастаған сәттен Қытай мен Қазақстан эпидемияға қарсы жемісті ынтымақтастық жүргізіп келеді. Бұл Қытай-Қазақстан қатынастарының мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігінің жоғары деңгейі мен ерекше сипатын көрсетіп отыр. Сондай-ақ халықаралық қауымдастық үшін пандемияға қарсы бірлесіп әрекет етудің жарқын үлгісіне айналды.

Эпидемияны жеңетінімізге кәміл сенімдімін. Ал екіжақты қатынас бұдан да нәтижелі дами түседі деген ойдамын.

Мен Сізбен қалыптасқан жақын достық қарым-қатынасты ерекше бағалаймын және шын жүректен тезірек сауығып кетуіңізді тілеймін», – делінген жеделхатта.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың COVID-19-ға тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткені бұған дейін хабарланған болатын.

Бүгін Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Тұңғыш Президенттің денсаулығына қатысты алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

Сондай-ақ ол қазақстандықтардың бірлігі, олардың ізгі және шын көңілден білдірген тілектері Нұрсұлтан Назарбаевқа күш беретінін және Елбасы өзіне жазылған хаттар мен телеграммаларды оқып шығатынын жеткізді.

Бұған дейін Ресей Президенті Владимир Путин Тұңғыш Президентке хат жолдап, телефон арқылы да сөйлескен болатын. Сондай-ақ Түркия Президенті Режеп Ердоған, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео, Тәжікстан мен Израиль басшылары, Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди хабарласып, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өнер және қоғам қайраткерлерінен, ЖОО ректорларынан, депутаттардан, көптеген еңбек ұжымдарынан телеграммалар түсіп жатыр.


Жоғары қарай