Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына қатысты ақтау үкімінің күші жойылды

2021 жылдың 16 қыркүйек 2021 17:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың апелляциялық соты «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты ақтау үкімінің күшін жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, биыл 4 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық соты Б. Шәріпке қатысты ақтау үкімін шығарған болатын.

«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысына екі бап бойынша айып тағылған болатын. Прокурор соттан күдіктіге Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану арқылы ауыр зардаптарға жол бергені үшін және осы кодекстің 287-бабының 2-бөлігі бойынша ұңғысыз тапаншаны заңсыз сақтағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Алайда ол 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1000 АЕК айыппұл тағайындалды. Ал 361-баптың 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылып, оның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағаны үшін ақталды.

Атап айтқанда, бүгін өткен Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық істер бойынша аппеляциялық алқа отырысында аталған инстанция сотының үкімі жойылып, жаңа айыптау үкімі шығарылды. Бұл тұрғыда СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы қорғаныс костюмдерін жеткізуші басқа компаниялардың коммерциялық ұсыныстарынан негізсіз бас тартты деген айып тағылды.

Қылмыстық істі зерделей келе, сот алқасы Б. Шәріпке қатысты аталған екі бап бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Сонымен қатар, Б. Шәріп өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым алу құқығынан айырылды.

Еске салсақ, 2020 жылдың 14 тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «СҚ-Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп ұсталғанын хабарлаған болатын.


Ал 2021 жылдың басында айыптаушы тарап өкілі күдіктінің кесірінен дәрігерлер коронавирус жұқтырды деген мәлімет берген еді.


Жоғары қарай