Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 385.16
EUR 425.95
RUB 6.01
CNY 54.51

СҚО әкімі спорт клубтарына легионерлер тартуға тыйым салды

2019 жылдың 19 тамыз 2019 19:49

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов сырттан легионерлер шақырмай, жергілікті спортшыларды тәрбиелеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыстық әкімдіктің отырысында спортты дамыту мәселесі сөз болды. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бүгінде барлық клубтарға спортшылар сырттан шақырылады. Жақсы көрсеткіштерге жергілікті спортшылармен де қол жеткізуге болады.

«Мәселені барлық клубтарға легионерлер шақырумен шешіп келеміз. Менің пікірімше, бұл дұрыс емес. Көп болса сырттан бір-екі ғана спортшы шақыра аламыз. Қалғаны өзіміздікі болуы қажет. Шебер спортшыларды тәрбиелеу – сіздердің міндеттеріңіз. Рейтингтен түсіп қалсақ ештеңе етпейді. Жоғары лигада ойнамасақ – біздің деңгейіміздің сол болғаны. Легионерлер алуға тыйым саламын. Бізге бір жылға ғана келетін адамға қыруар қаржы төлейміз. Бюджеттеріңізді қайта қарастырып, ол ақшаны өзіміздің спортшыларға беріңіздер», - деді Құмар Ақсақалов.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналиннің айтуынша, клубтарда жергілікті спортшылардың санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір оларда 924 спортшы тіркелсе, оның 855-і жергілікті, 65-і басқа қаладан келген, 4-еуі – легионер.

«Барыс» баскетбол клубында, «Қызылжар арландары» спорттық жекпе-жек клубында, «Тұлпар» ұлттық ат спорты клубында, А.Винокуров атындағы велоклубта және «Үміт» мүмкіндігі шектеулі жандардың клубында қазір 100% өзіміздің споршылар өнер көрсетіп жүр», - деді Руслан Есеналин.

Бүгінде СҚО-да 9 спорт клубы бар. Олар футбол, волейбол, шайбалы хоккей, баскетбол, велоспорт, ұлттық ат спорты, жекпе-жек және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында республикалық және халықаралық жарыстарда өңір және ел намысын қорғап жүр.



Жоғары қарай