Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО аудандарына 8 жылжымалы медициналық кешен алынды

2020 жылдың 28 қазан 2020 21:33

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына бүгін заманауи жарақтандырылған 8 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылжымалы ауруханада» жеті арнайы кабинет бар. Дәрігерлер қабылдау өткізіп, анализдер қабылдайды. Ауылдықтар УЗИ мен ЭКГ-дан өте алады. Кешенде флюорографиядан өту үшін рентген аппарат орнатылған. Акушер-гинеколог кабинеті мен дәріхана пункті де бар.

«Бұл кешендер 8 аудандық орталық ауруханаға жөнелтіледі. Бұл арнайы жарақтандырылған автобустар медициналық көмекті, медициналық диагностиканы ауыл тұрғындарына қолжетімді етеді. Аудан орталығынан 100-200 км шақырым жерде орналасқан ауылдар да бар. Сол себепті тұрғындарды рентгеннен, УЗИ аппараттарынан өткізіп, жалпы қан талдамасын жасату қиын. Кесте құрылып, бұл автобустар тірек ауылдарға барып халықты тексерістен өткізеді. Бұл кешендердің бұрынғыларынан бірнеше артықшылығы бар. Тіпті мүгедектерге арнайы жабдықталған кіру есігі бар. Халыққа бұл қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетіледі», - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Айманов.





Заманауи кешендердің арқасында дәрігерлер ауыл-ауылды аралап, скрининг жасайды. Нәтижесінде тұрғындар арасында ауруларды алғашқы сатысында анықтау мүмкін болмақ.

«Ауыл тұрғындарына медициналық көмек жетпек. Өйткен алыс ауылдардағы тұрғындар көп жағдайда жолдың шалғайлығынан, жұмысбастылықтан шыға алмай жатады. Жалпы, денсаулық сақтау саласында материалдық техникалық базамыз көктемнен бері біраз жақсарды. Қазір коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатырмыз. Келесі аптада біз жаңа инфекциялық аурухананы пайдалануға береміз. 5 оттегі стансасы қосылады. Яғни дәрігерлер бұрынғыдай оттегі баллондарын тасымайды, оттегі орталықтан берілетін болады. Қазір дәрі-дәрмектің емдеу мекемелерінде екі айлық, дәріханаларда бір айлық қоры бар. 232 өкпені жасанды желдету аппараты болса, жыл соңына дейін тағы 100-і алынады. Оттегі концентраторлары да 362-ге жетті. Біз дайынбыз, бірақ дегенмен де облыс тұрғындары сақтық шараларын ұмытпағаны жөн. Міндетті түрде санитариялық талаптарды орындау қажет», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.











Жоғары қарай