Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

СҚО ауылдарында 700 үй салу жоспарланып отыр

2020 жылдың 6 қаңтар 2020 16:30

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, аймақта құрылыс ауқымы төмен, ал мүмкіндігіміз көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2019 жылы облыста 2240 пәтер пайдалануға берілді. Ол 2018 жылмен салыстырғанда 172 пәтерге көп. Соған қарамастан, тұрғын үй құрылысының қарқыны облыс әкімінің көңілінен шықпады.

Аймақ басшысы облыс жыл сайын кемінде 3 мың пәтер соғуы керек деп есептейді.

«Көп уақыттан бері облыс және қала тұрғындарын қанағаттандыратындай қарқынмен үй салынбады. Қазір пәтер саны мен соған сәйкес шаршы метрлерді де көбейту үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Ол үшін ауқымды жеке секторлар алынып тасталады. Біз сол жердегі адамдарға да көмек беріп, тұрғын үй салып та үлгереміз. Кемінде 3 мың пәтер салып, жылына шамамен 400 мың шаршы метр тұрғын үй тапсыруымыз керек», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы ауылдық аймақтардағы құрылысты қолға алмақ. Өткен жылы ауылдарда 428 үй салынды. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 2020 жылы тағы 700 үй салу жоспарланған.

Өткен жылдың соңында болған жиналыстардың бірінде облыс әкімі жауапты басқармалар мен құрылыс компанияларына алдын-ала дайындалу керектігін ескерткен. Бұл құрылыс алаңдары мен маман даярлауға да қатысты. Соңғысы – аймақ үшін өзекті мәселе. Жұмысшылардың жетіспеушілігі туралы бірнеше рет айтылған. Қ.Ақсақалов құрылыс компаниялары колледждерді басшылыққа алып, өздеріне маман даярлауы керек деп есептейді.

Құрылысқа жауапты адамдардың мәселені шешуге уақыты тығыз. Аймақтағы тұрғын үй құрылысы мақсатына жете ме, оны 2020 жылдың соңында байқаймыз.


Жоғары қарай