Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 377.19
EUR 408.99
RUB 5.93
CNY 54.02

СҚО-да 19 елді мекеннің болашағы бұлыңғыр

2019 жылдың 2 шілде 2019 17:30

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына орай елді мекендердің потенциалын байқау мақсатында мониторинг жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО экономика басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда СҚО-да 649 елдімекен бар. Мұндағы халықтың саны 310 мыңнан асады, бұл жалпы өңір халқының 55,9%. Елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтау мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысымен мониторинг жүргізіліп жатыр. Ауылдар бірнеше өлшемшарт бойынша сараланады. Алдын ала есеп бойынша, өңірдегі елді мекендердің 160-ының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы болса, 470-інің потенциалы орташа. Ал болашағы жоқ ауылдардың саны 19-ға жеткен. Бұл елді мекендерде қазір небары 152 адам тұрып жатыр. Есіл ауданындағы Жаңалық, Орталық және Иверск ауылдарында тұрғын мүлде тіркелмеген.

«Өткен жылдармен салыстырғанда потенциалы жоғары елді мекендердің санында өзгеріс жоқ. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы орташа ауылдардың саны азайып, болашағы бұлыңғыр елді мекендер саны артқан. Оған ең алдымен халықтың көшуі себеп. Денсаулық сақтау, білім беру нысандарының жабылуы, өндіріс орындарының болмауы да ауылдың жағдайына әсер етеді», - дейді СҚО Экономика басқармасының басшысы Әрсен Қазбеков.

Мониторинг нәтижесі бойынша өңірде халық саны 50-ден кем 111 ауыл анықталды. Ал даму потенциалы жоғары ауылдар негізінен Ақжар, Тимирязев, Ғ.Мүсірепов аудандарында орналасқан. Жалпы облыс бойынша болашағы бар, жағдайы жақсы 241 елдімекен бар екен. Мақсат - осындай потенциалы жоғары ауылдарға халықты шоғырландыру.

«Бұл елдімекендерде басқа ауылдармен салыстырғанда халық саны көп және мектеп, медициналық пунктері бар және аудан орталықтарынан 30 км қашықтықта ғана орналасқан. Білікті мамандары, тұрақты жұмыс істейтін базалық кәсіпорындары бар, халқы толықтай жұмыспен қамтылған», - дейді Әрсен Қазбеков.

Мамандардың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде барлық мемлекеттік және әлеуметтік қызметтермен қамтылған, өндірістік, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған елдімекендерді құруға мүмкіндік туады.

Жоғары қарай