Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да 208 мың адам вакцинацияның толық курсынан өтті

2021 жылдың 13 қыркүйек 2021 16:15

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 231 мыңнан астам адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін алса, 208 мыңы толық курстан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың жаңа 73 жағдайы тіркелген. Оның 93 %-ында сырқаттар дәрігерлерге ауырып жүгінген. Әдеттегідей ауырғандардың басым бөлігі – 22 жағдай Петропавлдың үлесінде, Қызылжар ауданында – 10, Айыртауда – 9, Тайыншада – 8, Есіл ауданында 7 адам жұқтырған. Қалған аудандарда сырқаттанғандар саны бесеуден төмен.

Облыста ПТР зерттеулер жүргізетін 4 зертхана жұмыс істейді. Пандемия кезеңінен бастап, өңір бойынша КВИ-ға 444520 зерттеу жүргізілген. Жалпы СҚО-да 23 279 адам жұқтырған, оның 455-і сырттан келгендерден анықталған, бұл барлық көрсеткіштің 2,4 %-ы.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыс 4 қыркүйектен бері «сары» аймақта. Ауырғандар саны шамамен екі есе азайған.

Қазір өңірде коронавирус жұқтырғандарға 1715 орын арналса, бүгінде соның 35,7 %-ы ғана толған. Инфекциялық стационарларда 570 адам ем алып жатыр, олардың 67-сінің халі ауыр. Өткен тәулікте тағы үш адам қайтыс болып, коронавирустан көз жұмғандардың саны 178-ге жетті.

Мамандардың айтуынша, коронавирусты жұқтыру деңгейінің төмендеуіне вакцинация да өз әсерін тигізіп жатыр. Жалпы СҚО-да 231 мыңнан астам адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін алса, 208 мыңы толық курстан өтті.

Жоғары қарай