Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да 52 жастағы ер адам бірге тұратын әйелді ұрып өлтірді

2021 жылдың 2 наурыз 2021 13:56

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 36 жастағы бірге тұратын әйелін өлімші етіп сабаған 52 жастағы ер адамды полицейлер ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 ақпан күні Аққайың аудандық ауруханасына көптеген дене жарақаттарымен 1984 жылы туған Смирново елдімекенінің тұрғыны жатқызылды. Оны бірге тұратын ер адамның өлімші етіп сабағаны белгілі болды.

Аталған факті «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның мән-жайы анықталды. Яғни бірге тұратын екеудің арасындағы жанжал 13 ақпан сағат 19.00 шамасында туған. Ұрыстың арты төбелеске ұласып, 1968 жылы туған аудан орталығының тұрғыны өз үйінде 36 жастағы әйелді ұрған. Жарақат алған әйел дәрігерлерді шақырмай танысының үйінде екі тәулік жатып қалған. Жәбірленушінің анасы жүгінген соң ғана, полиция қызметкерлері медициналық көмекке мұқтаж әйелді анықтады. Ол аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне жатқызылды.

20 ақпан күні жәбірленуші алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Осыған байланысты полиция қылмыстық істі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабы бойынша өзгертті.

Күдікті ер адам ұсталып, Аққайың ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты «Қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қабылданды.


Жоғары қарай