Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да адам саудасы үшін халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды

2021 жылдың 19 қазан 2021 21:53

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Нелегал-кордон» операциясы аясында үш қылмыскер ұсталды, оның біреуі адам саудасы үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Нелегал — кордон» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында апта бойы базарлар, құрылыс нысандары, фермерлік шаруашылықтар мен өзге де нысандар солтүстікқазақстандық полицейлердің ерекше назарында болды.

Тексеріс нәтижесінде 19 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Заңнаманы бұзғаны үшін басқа мемлекеттердің 44 азаматының елде жүріп-тұру мерзімі қысқартылды, 22-сі елден шығарылды.

Бұдан бөлек, 4 шетелдік ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабы «Қоғамдық орында тиісу» бойынша жауапқа тартылды.

«Жедел-профилактикалық іс-шара өткен кезеңде шетелдіктердің елде болу ережелерін бұзудың 250 дерегі анықталды. 191 жағдайда ҚР азаматтары жауапкершілікке тартылды. Қабылдаушы жақ келген иммигранттар туралы ішкі істер органдарын уақтылы хабардар етіп, тиісті құжаттарды ресімдеулері керек. Бұдан бөлек, заңнаманы бұзып елге кірген шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға тұрғын жай беруге заң тыйым салады», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Нұсырбаев.

Сондай-ақ операция барысында 3 қылмыскер ұсталды. Оның біреуі адам саудасы бойынша мемлекетаралық іздеуде болған.

Қылмыскер СҚО Есіл ауданындағы ауылдардың бірінде жасырынып жүрген.

Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, іздеу жариялағандарға хабарлама жіберілді.

Жоғары қарай