Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-да балалар арасында тұмауға шалдығу жиіледі

2022 жылдың 13 қаңтар 2022 17:45

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр тұмаумен ауыру жағдайы тіркелмесе, биыл эпидемиологиялық маусым басталғалы 29 адам дәрігердің көмегіне жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, өңірде жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны артқан. Эпидемиологиялық маусым басталғалы облыста ЖРВИ жұқтырған 17 814 адам анықталды. Өткен жылы осы аралықта 13 221 жағдайы тіркелген. Яғни биыл ауырғандар саны 34 %-ға артып отыр.

«Өткен аптада ЖРВИ жұқтырудың 800-ге жуық жағдайы анықталды. Оның жартысынан астамы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Сондай-ақ биыл тұмаумен ауырғандар саны артты. Былтыр қауіпті вирустың бір де бір жағдайы тіркелмесе, биыл 29 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Сырқаттардың 60 %-ы – балалар. Сондай-ақ тұмауды жұқтырғандардың жартысы - Петропавл тұрғындары. Алда жұқпалы вирустық аурулардың көбейетін уақыты келе жатыр. Әдетте қаңтар айының соңында басталып, сәуір туғанша жалғасады», - дейді Арман Күшбасов.

Сондай-ақ санитар дәрігер оқушылар арасында коронавирустың таралуы бойынша да ақпарат берді.

«СҚО-да қыркүйек айынан бері оқушылар арасында коронавирус жұқтырудың 1243 жағдайы тіркелді. Соның ішінде 90 бала каникул кезінде ауырған. Жалпы сырқаттанған оқушылардың 90 %-ы қауіпті инфекцияны отбасы мүшелерінен жұқтырған. Яғни эпидемиологиялық тергеу барысында 189 баланың ғана КВИ-ді мектепте жұқтырғаны анықталды.

Әзірге оқушыларды қашықтан оқуға жіберуге негіз жоқ. Балалар 17 қаңтарда каникулдан шығысымен оқуларын дәстүрлі форматта жалғастырады», - деді Арман Күшбасов.


Жоғары қарай