Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да «Бастау бизнес» түлектеріне арналған жеңілдетілген несиеге өтініш қабылдау басталды

2021 жылдың 9 қыркүйек 2021 22:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер палатасы жанынан «Бастау бизнес» түлектеріне несие беру үшін микроқаржы ұйымы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңадан құрылған микроқаржы ұйымы «Бастау бизнес» бағдарламасының түлектеріне, яғни курстан өткендігін растайтын сертификаты бар және өз жобаларын қорғаған тыңдаушыларды қаржыландырады. Несие жылдық 6 %-бен беріледі.

СҚО кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, биыл «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 892 адам курсты оқған. Жоба аясында олар бизнес идеясын жүзеге асыру үшін жұмыспен қамту орталықтары арқылы 200 АЕК мөлшерінде грант алады.

2017 жылдан бастап 4 жыл ішінде СҚО-да «Бастау бизнес» жобасы арқылы 7 мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Олардың 5135-і жобадан толық өткендігі жайында сертификат алды. Бұл түлектердің 1,5 мыңы бүгінге дейін қаржыландырылса, қалғандарына жобаларын жүзеге асыру үшін әлі де қолдау қажет.

Соңғы жылдары банктер ірі қарыз алушыларды несиелендіруге бағытталған. Өйткені банктер шағын бизнеске несие беруден қорқады. Стартап-жобаларды қолдау мақсатында «Атамекен» ҰКП бүкіл аймақтарда микроқаржы ұйымдарын аша бастады. Қазақстан бойынша шағын кәсіпкерлікті дамытуға 22,5 млрд теңге бөлінді, оның 1 млрд теңгесі СҚО-ға берілді.

«Қаржы ұйымдарының біразы стартап-жобаларға несие бергілері келмейді, ауылды жерлердегі кәсіпкерлерге ақша бермейді. Осының барлығын саралай келе, микроқаржы ұйымы құрылды. Несие алу үшін қойылатын негізгі талап - «Бастау Бизнес» курсынан өтті деген сертификат, кепілге қоятын мүліктің болуы және бизнес жоспар. Биыл облысқа осы мақсатқа 1 мрлд теңге қаржы бөлінді. Оны жыл соңына дейін иегерміз деген ойдамын», - дейді «Атамекен Қызылжар» микроқаржы ұйымының директоры Нағашыбай Құркенов.

Биыл бағдарлама түлектері, соның ішінде ауыл және шағын қала тұрғындары 7,2 млн теңгеге дейін, ал қала тұрғындары 18,9 млн теңгеге дейін неисе ала алады.

«Бастау бизнес» түлектеріне арналған жеңілдетілген несиеге өтініш беру үшін ауыл тұрғындары кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалына немесе тікелей өз кеңесшілеріне хабарласа алады. Ал Петропавл тұрғындары тікелей микроқаржы ұйымына келіп, өтініш қалдыра алады. Ол Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі 60 үй, «Квартал» бизнес орталығының 4 қабатында орналасқан. Несие кез-келген кәсіпті бастауға 6 %-бен 5 жылға, ал ауыл шаруашылығы саласына қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін 7 жылға дейін беріледі», - дейді Нағашыбай Құркенов.

«Атамекен-Қызылжар» МҚҰ өтінімдерді қабылдап жатыр. Қазірдің өзінде 80-ге жуық солтүстікқазақстандық жеңілдетілген несие алуға ниет білдірді.


Жоғары қарай