Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 431.03
EUR 471.76
RUB 5.85
CNY 61.32

СҚО-да бірнеше ауданның көктемгі су тасқынына даярлығы тексерілді

2020 жылдың 25 ақпан 2020 15:48

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шал ақын ауданында облыстық ТЖД бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қорғау қызметтерінің жеке құрамының көктемгі су тасқынына дайындығы тексерілді.

Ақтөбе облысы ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Руслан Сахиев аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен № 20 өрт сөндіру бөлімі жеке құрамынан функционалдық міндеттерін, су тасқыны кезіндегі іс-әрекеттерін сұрап білді. Су басқан аумақтарда автономды жұмыс істеу қажеттілігі болуын назарға алып, қызметкерлердің киім-кешегі, «дабыл чемодандарының» жиынтығы тексерілді. Су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты құжаттар да ескерусіз қалмады.




Шал ақын ауданындағы Сергеев су торабының жұмысы да пысықталды. Аудан әкімі Нұрлан Есімов гидротехникалық құрылыспен таныстырып, су тасқыны кезіндегі оның жұмыс жағдайы туралы айтты. Маңызды нысанның және аудан орталығы – Сергеевканың хабарлау жүйесі тексерілді.




Бұдан әрі жоспарға сәйкес жұмыс тобы Қызылжар ауданы, Новоникольское елді мекеніне барды. Көктем сайын су тасқыны кезінде елді мекен мен тас жолды жалғайтын көпірдің үстінен су өтетін. Былтыр жаңа көпір пайдалануға берілді. Ауылдық округ әкімі Елена Захарова елді мекенді су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар туралы есеп берді.

Сонымен қатар, сапар барысында су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу, қауіпті аумақтан қарды шығару бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылдық округі және Мамлют ауданы Мамлютка қаласы әкімдері есеп берді. Өрт сөндіру бөлімдерінің су тасқыны кезінде пайдалануға арналған су сорғыш техникалары тексерілді.














СҚО-да «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ертең де жалғасады.


Жоғары қарай