Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да биыл 49 елді мекен таза ауыз сумен қамтылады

2021 жылдың 27 мамыр 2021 18:28

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында таза су мәселесін шешуге биыл ел қазынасынан 11,4 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде ауыл халқының 83,5%-ы ауыз сумен қамтылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір 247,5 мың тұрғыны бар өңірдегі 398 елді мекен орталықтандырылған су желісіне қосылған.

Бұл – барлық ауылдардың 62,7 пайызы.

«Елді мекендерді сумен жабдықтау жұмысы жылда жүргізіледі. Былтыр осы мақсатқа республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінді. 60 мыңнан астам тұрғыны бар 76 ауылға таза су жетті. Су тарату желілері, топтық су құбырлары жөнге келтіріліп, ауыстырылды. Сондай-ақ бұрыннан бар су тарату желілерін қалыпқа келтіру бойынша қыруар жұмыс атқарылды», - дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубекіров.

Биыл атқарылатын жұмыстың нәтижесінде СҚО ауылдарының 83,5 пайызы жыл соңына дейін таза сумен қамтылады.

Бұл мақсатқа ел қазынасынан 11,4 млрд астам теңге бөлінген.

«Қала маңында орналасқан Якорь ауылында жазда таза су жетіспейді. Күн ыстықта су тұтыну нормасы артады. Сондай-ақ құбырлар ескірген. Мәселені шешу үшін жобалық–сметалық құжаттар дайындалып, сараптамаға жіберілді. Бұл ауылға жаңадан су тарату желісі салынысымен-ақ мәселе шешіледі. Дәл осындай мәселе Жамбыл ауданы Пресновка елді мекенінде де бар. Мұнда осы жылдың екінші жартысында су торабы іске қосылады. Жалпы 2021-2025 жылдарға арналған облыстың кешенді дамыту бағдарламасы аясында барлық топтық су құбырларын жаңғыртуды жоспарлап отырмыз», - дейді Әділбек Әубәкіров.

Биыл облыс аудандарында 22 жоба жүзеге асырылмақ.

Ал СҚО-ны 2021-2025 жылдары әлеуметтік-экономикалық кешенді дамыту жоспары аясында таза суға 30 млрд теңгеден астам қаражат жұмсау жоспарланған.

Бұл 84 мың тұрғыны бар 78 елді мекенді қамтуға мүмкіндік бермек.

Жоғары қарай