Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да биыл 500-ден астам жас «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты

2021 жылдың 24 қараша 2021 18:49

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасына биыл 551 жас қатысып, әрқайсысы 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде жастар саясатын жүзеге асыру барысы жайында жиын өтті. Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Асқар Баймұқановтың айтуынша, өңірде 14 пен 29 жас аралығындағы 98 910 адам бар. Бұл – барлық тұрғындардың 18,2 %. Оның 52 мыңға жуығы – жігіттер, сондай-ақ, жастардың 62 мыңы ауылдық жерлерде тұрады.

«Биыл «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында 551 жас маман елді мекендерге жұмыс істеуге аттанды. Олар негізінен мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметшілер. Жас мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы беріледі. Сондай-ақ 1,5 мың АЕК мөлшерінде жеңілдетілген несие беріледі», - дейді Асқар Баймұқанов.

«Жасыл ел» бағдарламасы да жастар арасында сұранысқа ие. Биыл жаз уақытында 686 жас жұмысқа орналасып, орман шаруашылықтарында, елді мекендерде жұмыс істеді.

«Жасыл ел» бағдарламасы аясында жұмыс істегендер айына 27-60 мың теңге шамасында еңбекақы алды. Жастар еңбекке араласып, алғашқы тәжірибелерін алды. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы арқылы біз осы бағдарлама арқылы жаз мезгілінде жұмыс істейтіндердің санын 1421 адамға дейін ұлғайтуды жоспарладық», - дейді Асқар Баймұқанов.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 69 адам жұмысқа орналастырылса, жастар тәжірибесі арқылы 433 жас жұмыс тапқан.

«Жастарға бизнеспен айналысуға мүмкіндік жасалып, биыл жалпы сомасы 315 млн теңгенің 63 несиесі берілді. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 195 млн теңге болатын 340 грант бөлінді. Атқарылып жатқан жұмыстар жастардың өңірден кетуін азайтты. Мәселен 2018 жылы 2 мыңға жуық адам қоныс аударса, биыл 800-ге жуық жас көшіп кеткен», - дейді Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Асқар Баймұқанов.


Жоғары қарай