Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-да былтыр жатыр мойны обырынан 14 әйел қайтыс болды

2022 жылдың 18 қаңтар 2022 14:41

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қаңтар айында еліміздің онкология ұйымдарында жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша халықаралық апталық өтеді. Солтүстік Қазақстан облыстық онкологиялық орталықтың онколог-дәрігері Ирина Астанина қатерлі дерт және оның алдын алу жолдары жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО көпсалалы облыстық ауруханасы онкологиялық орталығының онколог-дәрігері Ирина Астанинаның айтуынша, жатыр мойны обыры - алдын алуға болатын аурулардың бірі.

Өйткені бұл дерт баяу дамиды және дәрігерге көріну арқылы оны дер кезінде анықтауға болады, яғни визуалды тексеру үшін қол жетімді орган.

Обырдың пайда болу себептерін, қатер факторларын, клиникалық белгілерін біле отырып, онымен күресуге болады.

«Жатыр мойны обыры вирустан, химиялық заттардың жасуша ядросына әсер етуінен және тұқым қуалаушылықтан пайда болуы мүмкін. Ал оған жатыр мойнындағы аурулар, жыныстық қатынасқа ерте бару, жыныстық серіктестерді жиі өзгерту, темекі шегу, гормоналды препараттарды қабылдау, иммун тапшылығы әсер етеді. Бұл дерттің ерекшелігі – ол ұзақ уақыт бойы белгі бермейді. Ауру басталған кезде ақшыл, қан аралас сұйықтық бөлінеді. Бастапқыда қан жыныстық қатынастан, ауыр затты көтеруден кейін пайда болады, етеккір арасында да, менопауза орнағаннан кейін де қан кетуі мүмкін. Науқастың әдетте белі ауырады», - дейді Ирина Астанина.

Ауру асқынған кезде ауырсыну, дене температурасының жоғарылауы, аяқ-қолдардың ісінуі, ішек функциясының, зәр шығару жүйесінің бұзылуы пайда болады.

Жалпы белгілері: жалпы әлсіздік, шаршау, тәбеттің болмауы, салмақтың түсуі.

Алайда, дер кезінде дәрігерге көрінген жағдайда жатыр мойны қатерлі ісігін емдеуге болады екен.

«Жатыр мойны обыры хирургиялық, сәулелік терапия және аралас емдеу әдісі арқылы емделеді. Емдеу әдісі обырдың даму кезеңіне қарай таңдалады. Алайда ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын ұмытпаған жөн. Сондықтан обырдың алдын алу үшін скринингтен өтіп тұрған жөн. 2008 жылдан бастап елімізде бұл жұмыс жақсы қолға алынған. Ал ең дұрысы – саламатты өмір салтын ұстану, темекі шегуден бас тартып, иммунитетті көтеру, спортпен айналысу. Ең бастысы – жылына бір рет гинеколог дәрігерге көрініп тұру қажет», - дейді онколог-дәрігер.

СҚО-да қазіргі уақытта онкологиялық орталықтың есебінде 499 әйел жатыр мойны қатерлі ісігімен есепте тұр.

Былтыр 54 адамда дерт анықталса, 14 әйел обырдан қайтыс болды.



Жоғары қарай