Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

СҚО-да «Дәрігер-волонтер» пилоттық жобасы жұмыс істеп жатыр

2020 жылдың 25 сәуір 2020 14:53

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жарты жылға жуық «Дәрігер-волонтер» пилоттық жобасы жұмыс істеп жатыр. Болашақ медициналық мамандар қазіргідей төтенше жағдай режимінде басқа еріктілермен бірге антисептикалық бұйымдарды, дәрі-дәрмекті таратуға көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы «Дәрігер-волонтер» қозғалысының үйлестірушісі Рүстем Армановтың айтуынша, елімізде волонтерліктің бұл түрі енді дамып келеді. Мысалы Ресейде оның негізі 2013 жылы қаланса, 2016 жылы ресми мәртебе алды. Қазір көрші елде қоғамдық ұйымға 50 мың адам мүше. СҚО-да бұл қозғалыс мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 2019 жылдың қазан айында құрылды.

«Еліміздің кей аймақтарында медицина саласында өздігінен жұмыс істейтін еріктілердің барлығын білеміз. Биыл Волонтерлер жылы болғандықтан көптеген медициналық оқу орындары өздерінде осындай қозғалысты құрады деген ойдамыз. Ал бұл өз кезегінде Қазақстандағы денсаулық сақтау саласында волонтерлікті дамытады», - дейді Рүстем Арманов.

Пилоттық жоба болғандықтан оған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің Жоғары Медицина Мектебінен және жоғары медициналық колледжінен 10 үздік студент іріктеліп алынған. Олар 16-22 жас аралығындағы болашақ жалпы тәжірибе дәрігерлері, фельдшерлер, медбикелер.

«Өз қатарымызға тек медициналық оқу орындарының студенттерін және медициналық білімі бар мамандарды ғана аламыз. Негізінен тірек-қимыл аппаратын сақтаудың дағдыларын үйретуге, алғашқы медициналық көмек көрсетуге және физиотерапия әдістерін үйретуге бағытталған ақпараттық-танымдық жұмыстармен айналысамыз. Мәселен, орта сынып оқушылары үшін «тұз+йод iQ сақтайды« атты акцияны өткіздік. Сондай-ақ, ата-әжелерге барып қан қысымын өлшеп, гипертонияның алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргіздік», - дейді волонтер.

Рүстем Армановтың мамандығы - «фельдшер», бүгінде білімін шыңдап, «денсаулық сақтау саласындағы менеджмент» мамандығы бойынша оқып жатыр. Кинезиотерапия орталығында емдік дене шынықтырудан нұсқаушы болып еңбек етеді. Оның айтуынша, волонтерлікпен айналысу – жүрекке жылулық сыйлап, позитивті эмоция береді. Сондай-ақ адамдармен қарым-қатынас жасай отырып, мол тәжірибе алады екен.

«Дәрігер-волонтер» қозғалысына ниеттес адамдар керек. Команданың құрамын кеңейту қажет. Қазір Петропавлдағы жоғары медициналық колледжде «Қайырымдылық» клубы жұмыс істеп жатыр. Оған 50 студент мүше. Төтенше жағдай аяқталысымен екі қозғалыстың жұмысын үйлестіре аламыз. Барлық тілек білдірушілерді қажетті білім мен дағдыларға үйретіп, оларды дәрі қобдишалармен және құрал-саймандармен қамтамасыз етеміз», - дейді Рүстем Арманов.

Ал әзірше төтенше жағдай режимінде дәрігер-волонтерлер өңірдегі басқа еріктілермен бірге жалғызілікті қарттарға, мүгедектерге антисептикалық бұйымдарды, дәрі-дәрмекті таратуға көмектесіп жүр.


Жоғары қарай