Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 431.03
EUR 471.76
RUB 5.85
CNY 61.32

СҚО-да дәстүрлі «Солтүстік-2020» қысқы спорт ойындарының жеңімпазы анықталды

2020 жылдың 25 ақпан 2020 09:57

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі айға созылған «Солтүстік-2020» қысқы спорт ойындарының ақтық кезеңі өтіп, жеңімпаз команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Солтүстік-2020» ойыны өңірдегі басты спорттық іс-шаралардың бірі. Бірнеше мың әуесқой спортшының басын қосатын жарысқа облыстың барлық аудандары қатысып, кезең-кезеңмен жарысады.





Биыл «Солтүстік-2020» турнирінің соңғы ойындары Тимирязев ауданында өтті. Тимирязев ауданына 13 ауданнан 40-тан астам спортшы жиналды. Шайбалы хоккейден, футзалдан, шаңғы жарысынан және шорт-тректен мықты спортшы анықталды.
Қысқы спорттық мерекеге келгендерді облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев құттықтады.





«Бүгінгі күні СҚО-да спортпен айналысуға бар жағдай жасалған. Биыл бұл салаға бөлінген қаражат 32 пайызға артты. Өткен жылы 21 спорт нысаны қолданысқа берілді. Биыл олардың қатарына тағы 48-і қосылады. Сонымен қатар облыста 400 хоккей корты бар. Оның 350-і ауылда орналасқан», - деді Руслан Әлішев.





Жергілікті кәсіпкерлер де «Туған жер» жобасы аясында спорттың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Олар өз қаражатына Мағжан Жұмабаев ауданында екі спорт нысанын салды. Заградовка және Новоникольское елді мекендерінде жабық хоккей корттары пайдалануға берілді. Биыл Тимирязев ауданында кәсіпкерлер мен мемлекеттің бірлескен жұмысы нәтижесінде жабық корт салынбақ.

Ал, үш күнге жалғасқан тартысты ойында жалпы командалық есепте бірінші орынды және кубок пен 300 мың теңгені 186 ұпаймен Ғ.Мүсірепов ауданы иеленді. Екінші орын мен 200 мың теңгелік жүлдені 142 ұпаймен Аққайың ауданы алса, Шал ақын ауданының спортшылары үшінші орыннан көрінді. Оларға 100 мың теңге сыйға берілді. Ал спартакиада иелері – тимирязевтықтар 4 орында. Оларға қысқы спорттық ойынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін «Газель» автокөлігі табысталды. Келесі жылы «Солтүстік» облыстық қысқы спорт мерекесі Тайынша ауданында өтеді.








Жоғары қарай