Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да диқандар әр гектардан шамамен 11 центнерден өнім алып жатыр

2021 жылдың 14 қыркүйек 2021 14:10

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында егіннің 86,1 пайызы дестеленді, биыл диқандар әр гектардан орта есеппен 11 центнерге жуық өнім алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл барлық егістік аумағы 4,3 млн га алып жатыр.

Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде көктемде шамамен 1 млн га майлы дақыл егілді.

2,9 млн га бидай мен дәнді-бұршақты дақылдар себілсе, қалғанына картоп пен басқа да көкөніс отырғызылған.

«Қазіргі уақытта егін орағы қызған, диқандар ашық күндерді пайдаланып жатыр. Бүгінге дейін бидай мен дәнді-бұршақты дақылдардың 2 578,9 мың га немесе 86,1 %-ы орылды. Оның 74,1 %-ы бастырылып, 2 475,5 мың тонна өнім алынды. Гектар шығымдылығы орта есеппен 10,7 центнер», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Нарғыз Ақжігітова.

Күзгі орақ науқанында 7 156 комбайын жұмыс істеп жатыр.

Оның 4 мыңға жуығының өнімділігі жоғары, сондай-ақ алқап басында дестелегіші бар 4 800-ге жуық техника жүр.

Биылғы өнімді ысырапсыз жинап алуға қосымша 12 800 трактор, 9 600 трактор тіркемесі және 6 мыңға жуық жүк көлігі тартылды.


Жоғары қарай