Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-да екі кісінің қанын жүктеген қылмыскер қалған өмірін абақтыда өткізеді

2019 жылдың 30 желтоқсан 2019 20:09

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка қаласында 39 жастағы әйел мен оның 3 жасар қызын пышақтап өлтірген қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты. Мамандандырылған ауданаралық сот бұған дейін Дементьевке 21 жыл жаза кессе, облыстық сот қылмыстық істі қайта қарап, оған өмірбақи түрмеде отыруға үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қараша айында мамандандырылған ауданаралық сот Дементьевке 21 жыл жаза кесіп, оны қатаң тәртіптегі колонияда өтеуге үкім шығарды. Қылмыскер зардап шегушінің отбасына 2,5 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуі керек еді. Бірақ облыстық прокуратура бұл жазаны тым жеңіл деп есептеп, нәтижесінде іс облыстық сотта қайта қаралды.

«ҚР Қылмыстық Кодексінің 58 бабының 4 бөлімінің негізінде қылмыс жиынтығы бойынша Деменьтевке өмір бойына бас бостандығынан айырып, қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемелерінде жазасын өтеу түріндегі түпкілікті жаза тағайындалсын. Сонымен қатар марқұм болған Дүйсекинаның отбасына 2,5 млн теңгенің орнына 5 млн теңге моральдық шығын төлесін», - деді үкімді оқыған СҚО соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Владимир Кириленко.

Жантүршігерлік оқиға 8 тамыз күні Мамлютка қаласында болды. Игорь Дементьев азаматтық некедегі әйелінің үйінде есірткі тұтынған, сондай-ақ екеуі спирттік ішімдік ішкен. Отырыстың арты жанжалға ұласып, ер адам әйел мен оның қызын келтек ағашпен бірнеше рет ұрады. Кейін екеуін де пышақпен бауыздаған. Қылмыскер өз кінәсін толық мойындады.


Жоғары қарай