Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-да көпқабатты тұрғын үйлердің 69 пайызы басқарудың жаңа түріне көшті

2022 жылдың 19 қаңтар 2022 21:54

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 2 мыңға жуық көп қабатты тұрғын үй болса, жаңа заңға сәйкес 69 %-ы басқарудың жаңа түріне көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының алқа отырысы өтіп, өткен жылда атқарған жұмыстары қорытындыланды, алға міндеттер бекітілді.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 1 837 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 1152-сі Петропавлда орналасқан. Үйлердің негізгі бөлігі 1960-1980 жылдары аралығында салынған және бүгінде басым бөлігіне күрделі жөндеу қажет.

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңындағы соңғы өзгертулерге байланысты кондоминиум нысандары пәтер иелері кооперативтерінен басқарудың жаңа түрлеріне - мүлік иелерінің бірлестіктеріне және жай серіктестіктерге көшіп жатыр. СҚО-да осы күнге дейін 1068 үйде жаңа басқару жүйесі құрылды. Бұл барлық нысанның 69 %-ы. Соның ішінде тұрғындардың таңдауымен 100 мүлік иелерінің бірлестіктері және 968 жай серіктестіктер құрылған.

Ал «Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту» бағдарламасы аясында 2011 жылдан бастап 2020 жылға дейін облыста жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге 170 үй жөнделді, оның ішінде 42 үй қайтарымды қаражат есебінен 753 млн теңгеге жөнге келтірілген. Былтыр 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы Жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 1 022 млн теңгеге 19 үйде жөндеу жұмыстары басталды. Оның 18-і Петропавлда, біреуі - Тайынша қаласында орналасқан. Жергілікті бюджет есебінен 68 млн теңгеге 3 үй жөнделіп жатыр. жөндеу жұмыстары басталды.

Мәселен Петропавлдағы Шухов көшесі, 2А мекенжайында мүлік иелерінің бірлестігі құрылған. Мұнда республикалық бюджет есебінен 76 млн теңгеге шатыры ауыстырылып жатыр. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады. Осы мақсатқа 1 083 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл сомаға тағы 26 үйді жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.


Жоғары қарай