Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да коронавирус жұқтырған 22 медицина қызметкеріне 2 млн теңгеден төлем жасалды

2020 жылдың 15 тамыз 2020 02:25

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында COVID-19-бен күресіп жүріп, індетті жұқтырып алған 22 медицина қызметкеріне 2 млн теңгеден бір реттік әлеуметтік төлем жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне қосымша төлем ай сайын жасалады. Олардың жұмыс істеген сағаты және қай тәуекел тобына жататындығы ескеріледі.

СҚО-да наурыз айында емдеу мекемелерінің 493 қызметкері жоғары еңбекақы алса, шілде айында олардың саны 2597 адамға жетті.

«Өңірде екінші тәуекел тобы бойынша ең көп төлем жасалды. 2063 қызметкерге 474,7 млн теңге төленді. Үшінші тәуекел тобы бойынша 368,3 млн теңге 1742 қызметкерге берілді. Ал қауіптілігі жоғары – бірінші тәуекел тобына кіретін 759 маман 395,3 млн теңге алды», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хатшысы Гүлнәр Қалиева.

Бұдан басқа медициналық әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс орнында коронавирус пен вирусты пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлем жасала бастады. СҚО-да 22 адам 2 млн теңгеден алса, жақында тағы 26 маман олардың қатарына қосылмақ.

Айта кетейік, төлем жасалатын қызметкерлердің тізімін шұғыл штабтың жанынан құрылған аймақтық комиссиялар жасақтайды. Бұл комиссияның төрағасы болып әкімдердің орынбасарлары бекітілген. Құрамына медсақтандыру қорының қызметкері, аймақтық бас санитариялық дәрігер, денсаулық сақтау басқармасының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірген.


Жоғары қарай