Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да коронавирус жұқтырған 24 бала стационарда ем алуда

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 14:27

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында балалар арасында пневмониямен ауырғандар саны кеміген, мұны мамандар әлеуметтік байланыстың азайғандығымен түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы КВИ бойынша жағдайға байланысты өткен баспасөз мәслихатында мамандар балаларға қатысты ақпаратпен бөлісті.

«Балалар арасында пневмониямен ауырғандар биыл аз. Оның басты себебі – әлеуметтік байланыс үзілген. Жалпы коронавирус жұқтырған 168 бала біздің есепке алынды. Соның 24-і қазір стационарда ем алып жатыр. Оның екеуінің жағдайы орташа болса, қалғандарынікі – қанағаттанарлық. Қатты ауырып жатқан балалар жоқ», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов.

Балалар жіті респираторлық вирустық инфекциямен негізінен күз-қыс айларында ауырады. Елдегі пандемияға байланысты қазір аурудың азғана белгілері болса тұрғындар бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінетін болған.

Облыстың бас санитариялық дәрігерінің айтуынша, СҚО-да КВИ жұқтырған оқушылардың жалпы саны – 199. Оның 159-ы екінші тоқсанда ауырған.

«Екінші тоқсанда ауырған оқушылардың 75-і штаттық режимде оқыса, қалған 84-і қашықтан білім алған. Олар негізінен КВИ-ді үйде ата-аналарынан, туыстарынан жұқтырған. Осыған байланысты 3 мектептің 28 сыныбы қашықтан оқуға көшірілді», - дейді СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Арман Күшбасов.

Бұған дейін СҚО тұрғындарының әр екіншісі қауіпті вирусты негізінен үйде жұқтыратынын айтқан едік.


Жоғары қарай