Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да құс тұмауы табылған ауылда барлық құс жойылатын болды

2021 жылдың 28 қыркүйек 2021 17:51

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауының таралуына жол бермеу үшін ауру ошағындағы барлық құс жойылмақ, ал оның иелеріне өтемақы төленетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да құс тұмауының тіркелуіне байланысты республикалық комиссия келді. ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Абызбаев басқарған жұмыс тобы ауру ошағы – М.Жұмабаев ауданы Лебяжье елді мекенінде болды. Құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан шаралармен танысып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жайында СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Инфекция ошағын оқшаулау және жою мақсатында елді мекен айналасы жыртылды. Ауылға кіреберіске келіп-кетуші көлікке дезинфекциялық кедергі қойылды. Эпизоотиялық тізбекті үзу мақсатында ауру ошағындағы барлық құсты жою туралы шешім қабылданды. Құс иелеріне толық мөлшерде өтемақы төленеді», - деп жазды Берік Әлжанов.

Басқарма басшысының айтуынша, эпизоотиялық жағдай бақылауға алынған. Облыстың басқа елді мекендеріне қауіпті инфекция таралмауы үшін барлық тиісті іс-шаралар – вакцинация, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, құс пен құс өнімдері бақылауға алынды.

Естеріңізге салайық, 27 қыркүйек күні СҚО М.Жұмабаев ауданындағы Лебяжье елді мекені құс тұмауының тіркелуіне байланысты карантинге жабылған еді. Бұл ауылда мыңнан астам үй құсы қырылып қалды.



Жоғары қарай