Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да қызметтік үймен біріктірілген жаңа учаскелік полиция пункті пайдалануға берілді

2021 жылдың 20 маусым 2021 06:00

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қызметтік үймен біріктірілген жаңа учаскелік полиция пунктінің салтанатты ашылуы өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданының Новомихайловка ауылында учаскелік полиция инспекторына тұруына және жұмыс істеуіне арналған ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Жалпы аумағы 100 шаршы метрден астам. Учаскеге іргелес аумақ абаттандырылған, ауласы бар.

«Президент өз Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жұмыс істеу міндетін қойды. Мұнда учаскелік полиция инспекторының рөлі ерекше. Бүгін пайдалануға беріліп отырған нысан тәртіп сақшысының барынша нәтижелі жұмыс істеуіне, адамдардың шағым-арыздарына жылдам әрекет етуге ықпал етеді. Учаскелік полиция инспекторы халыққа қолжетімді болады. Халықпен жаңа форматта жұмыс істеу облыстың басқа аудандарында да жүзеге асырылады», - деді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.

Ғимаратты салтанатты түрде ашу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысты. Ол ауылдық учаскелік полиция инспекторларының жаңа жұмыс форматымен танысты. Полицияның тірек пунктіне жергілікті мектепте және Новомихайловка ауылында орнатылған 22 бейнебақылау камералары қосылған.

Новомихайловка ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Олжас Шаяхметовтің айтуынша, оның әкімшілік учаскесінде 6 елді мекен бар, онда 2 мыңнан астам адам тұрады. Жедел әрекет етуге, сондай-ақ ашық болуына басқа да заманауи ресурстар әсер етеді. Полицей бейнежетон, планшетпен қамтылған. Енді жаңа «Chevrolet Cobalt» қызметтік автокөлігімен жүрмек.

Салтанатты іс-шара соңында облыстық полиция ведомствосының басшысы құқықтық тәртіпті қамтамасыз еткені үшін аудан басшылығына және жұртшылыққа алғысын білдірді.

Жоғары қарай