Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да пара алған шенеунікке 9 млн теңге айыппұл салынды

2021 жылдың 27 шілде 2021 12:15

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарған шенеунікке пара алғаны үшін ірі мөлшерде айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Antikorlive» орталығында Петропавл қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарған шенеунікке қатысты қылмыстық іс бойынша ұсыным қаралды.

Сотқа дейінгі тергеу барысында бөлім басшысының міндетін атқарушы Жангудин 24 ақпан күні мемлекеттік сатып алу аясында күзет агенттігімен келісімшартқа отырады. Күзет агенттігі мал қорымдарын патрульдеп, күзетулері тиіс болған. Ал тапсырыс беруші төлемді атқарылған жұмыстар актісіне қол қойылғаннан кейін ғана жасалуы тиіс.

«Алайда Жангудин бас пайдасын ойлап, агенттік директорына келісім шарт бойынша тәулік бойы күзетпеуге болатынын, «көз жұма» қарағаны үшін ай сайын 150 мың теңге сыйақы төлеп тұратынын айтқан.

Шенеунік сәуір айында күзет агенттігі директорынан алғашқы сыйақысын - 50 мың теңгені қолма-қол, ал 100 мың теңгені карта есепшотына аудартып жатқан жерінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының қолына түсті», - дейді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысы міндетін атқарушы Нұрлан Жахин.

Петропавл қалалық соты Жангудинді айыпты деп танып, алған парасынан 60 есе артық сома мөлшерінде, яғни 9 млн теңге айыппұл салды. Сондай-ақ экс-шенеунік өмір бойына мемлекеттік қызметтен аластатылды. Қаржымен байланысты мекемелерде жұмыс істей алмайды.

Сот үкімі 25 маусым күні заңды күшіне енді.

«Сыбайлас жемқорлыққа барған шенеунік қоғам алдында мемлекеттік органның және барлық мемлекеттік қызметшілердің абыройына нұқсан келтіреді. М.Жангудиннің пара алуына Петропавл қаласы әкімі тарапынан қадағалаудың болмауы және алдын алу жұмыстарының жүргізілмеуі жағдай жасаған.

Мал қорымдарының күзетілмеуі – қауіпті. Оны ашудың салдарынан сібір жарасы сияқты қауіпті ауру жем-шөп арқылы төрт түлікке таралуы мүмкін.

Сол себепті болашақта сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін алдын алу жұмыстарын қолға алуды және Петропавл қаласы әкімдігінің басшылығын қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынамыз», - дейді Нұрлан Жахин.


Жоғары қарай