Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да полицейлер ауыл тұрғынынан 1958 жылы шығарылған мылтық тәркіледі

2021 жылдың 16 сәуір 2021 20:15

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары ауыл тұрғынынан 1958 жылы шығарылған ойық ұңғылы «Белка» мылтығын тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданының полиция бөлімі қызметкерлері тексеріс барысында 44 жастағы ауыл тұрғынынан заңсыз сақталған мылтықты тауып, тәркіледі. Ойық ұңғылы «Белка» мылтығы 1958 жылы шығарылған. Ер адам оны орманнан тауып алғанын айтқан.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қару сараптамаға жіберілді.

Ер адамға қаруды заңсыз сақтағаны үшін ірі мөлшерде айыппұл салынбақ немесе 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

«Қылмыстық жауапкершілікке тартылмау үшін, тауып алған қаруды кешіктірмей жақын маңдағы полиция бөлімшесіне тапсыруы керек еді. Қаруды ерікті түрде тапсырғандарға қылмыстық және әкімшілік заңнама қоланылмайды. 20 сәуірден облыста заңсыз сақталған атыс қаруды, травматикалық қару мен оқ-дәрілерді ерікті-ақылы тапсыру жөніндегі акция басталады. Акцияның мақсаты — қарулы қылмыстың алдын алу», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Тапсырылған қару тиісті тексерістен өтіп, комиссиямен бағаланады. Төлем сомасы оның жағдайы мен атуға жарамдылығына байланысты болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, солтүстікқазақстандықтардың дені тіркелмеген аңшы қаруын тапсырады. Мұндай мылтыққа төлем – 30 АЕК немесе 61 мың теңге.

СҚО-да акцияны өткізуге 1,5 млн теңге бөлінді. Полицейлердің айтуынша, бұл акция соңғы рет өткізіліп жатыр. Келесі жылға заңсыз сақталған қаруды сатып алуға қаражат қарастырылмағанын.


Жоғары қарай