Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-да соңғы бір аптада кене шаққан 86 адам дәрігерге қаралған

2022 жылдың 13 мамыр 2022 20:48

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кене шағу өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,8 есе артқан. Күн жылынғалы 260 адам дәрігердің көмегіне жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кене шаққан алғашқы адам наурыз айында емханаға қаралған. Осы күнге дейін жәндіктен 260 адам зардап шексе, соның 82-сі – 14 жасқа дейінгі бала. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда кене шағу көрсеткіші 1,8 есе өскен. Тек соңғы аптада 86 адамға, соның ішінде 24 балаға дәрігердің көмегі қажет болды.

«Былтыр кене энцефалиті 9 адамнан анықталса, биыл бұл ауру тіркелген жоқ. Кене энцефалиті - орталық жүйке жүйесінің басым бөлігін зақымдайтын жіті инфекциялық ауру. Оны иксодтік кенелер таратады. Қорғану үшін тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханада вакцина қойдыруға болады, бірақ екпе алмас бұрын дәрігерге көрінген жөн», - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.

Маманның айтуынша, табиғат аясына шыққанда сақтық шараларын ұмытпаған жөн.

«Әдетте кене адамға шөптен немесе бұтадан жабысады. Олар 1,5 метрден жоғары көтерілмейді, сондықтан адамның аяғына жабысып, соруға ыңғайлы орын іздеп жоғары қарай өрмелейді. Кене адамды бірден шақпайды, денеден көзге түсе қоймайтын орын іздейді. Сондықтан орманнан немесе даладан келгеннен кейін денені дұрыстап тексерген жөн. Сондай-ақ табиғат аясына шығар алдында арнайы крем-гельдерді, аэрозольдерді қолдануға кеңес беремін», - дейді Айнаш Сағандықова.

Кене шағып алған жағдайда медициналық көмек алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға бару қажет.

Естеріңізге салайық, былтыр кене шаққан Қызылжар ауданының 60 жастағы тұрғыны қайтыс болған еді.


Жоғары қарай