Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да тәулігіне 800-900 адам вакцина алады, бұл аз – санитар дәрігер

2021 жылдың 20 тамыз 2021 20:45

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 217 мың адам коронавирус вакцинасының бірінші компонентін алды, бұл жоспардың 69,9 %-ы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, өңірде вакцинация қарқыны төмендеген. Өткен айда тәулігіне 3-4 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алса, бүгінде олардың саны 800-900 шамасында ғана.

«Вакцинация қарқынының төмендеуі облыстағы эпидемиологиялық жағдайға кері әсер етеді. Ұжымдық иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Екпе алмаған тұрғындар арасында вирус жұқтыру жағдайы күннен-күнге көбейіп келеді», - дейді Арман Күшбасов.

СҚО-да осы күнге дейін 217 мың адам вакцинаның бірінші компонентін алды, бұл жоспардың 69,9 %-ы. Екінші компонентін алғандар саны 182 мыңнан асады, яғни алуы тиіс халықтың 58,7 %-ы вакцинация курсынан өтті.

Шектеу шараларына бағынбай, үй карантинін бұзатындарды анықтауда Ashyq жобасының берері мол. Қосымшаны енгізген нысанға кірмек болған осындай 14 адам жауапкершілікке тартылды.

Мониторингтік топтар да тамыз айында 185 рейд өткізіп, 1616 нысанды тексерген. Нәтижесінде 43 адамға 2,5 млн теңге шамасында айыппұл салынды.

«Жағдайды бағалау матрицасына сәйкес біз бір айдан артық «қызыл» аймақтамыз, алайда апталық көрсеткіш бойынша «қоңыр-қызыл» аймақтамыз. Егер де инфекциялық стационарлар 70 %-ға толатын болса, онда демалыс күндеріне локдаун енгізуге мәжбүр боламыз. Сондықтан санитариялық талаптарды орындауға шақырамын. Ол қоғамдық орындарда маска тағу, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, ойын-тойлардан бас тарту. Аурудың белгілері – әлсіздік, тамақтың қыруы, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі байқалған жағдайда бірден дәрігерге қаралған жөн», - дейді санитар дәрігер.


Жоғары қарай