Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да «Таза Қазақстан» акциясы аясында үш қоқыс орны жойылды

2020 жылдың 4 тамыз 2020 22:44

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» республикалық іс-шарасы аясында мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» республикалық іс-шарасы 20 шілде бастау алды. Акция аясында табиғатты қорғау полициясы мен учаскелік инспекторлар экологтарға көмек көрсетуде. Табиғатты қорғауды насихаттау мақсатында бірлескен рейдтер мен акциялар өткізіліп, тұрғындар жиі баратын өзен-көл жағалаулары, белгіленбеген жағажайлар мен ормандар назарға алынды.




«Тұрғындарда демалу мәдениеті қалыптаспаған. Табиғат аясына шықсаң аяқ астында жатқан қоқысты - пакет, түрлі қаптама, майлықтарды көресің. Акцияның мақсаты айналаны тазартып қана қоймай, табиғатты қорғауға жұрттың назарын аудару», - дейді экологтермен бірге Петропавлдағы Есіл өзенінің жағалауын қоқыстан тазалауға шыққан тәртіп сақшылары.

Мұндай акциялар қазіргі уақытта облыстың барлық аумағында өткізілуде. Ш.Уәлиханов ауданында учаскелік инспектордың араласуымен белгіленбеген қоқыс тастайтын орын жойылды. Кішкенекөл елдімекенінде пайда болған полигонға тұрғындар құрылыс қалдықтарын, көң мен күлді төккен. Учаскелік инспектор ескертумен шектеліп, ауылдықтармен түсіндіру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде тұрғындар үйілген қоқысты қатты тұрмыстық қалдық полигонына өздері шығарды.




«Іс-шара басталғалы облыста 3 қоқыс тастайтын орын жойылды. Сондай-ақ, белгіленбеген жерде суға шомылудың 77 дерегі анықталды. Акция аясында елдімекендердегі бақтар мен саябақтардың тазалығына баса мән беріліп, құқықтық тәртіпті сақтау бойынша жұмыс күшейтілді. Осылайша жалпы пайдалану орындарын ластау бойынша 54 хаттама, спирттік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру бойынша 218 хаттама толтырылды», - дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау тобының бастығы Асхат Қожабаев.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, екі аптаның ішінде 918 құқық бұзушылық анықталды. «Таза Қазақстан» іс-шарасы 30 тамызға дейін жалғасады.


Жоғары қарай