Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-да үш адам суға кетті

2020 жылдың 15 шілде 2020 03:00

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Бір апта ішінде Солтүстік Қазақстан облысында рұқсат етілмеген жерде шомылған үш адам суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, суға батып, қаза тапқан адамдардың саны артып келеді.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Володаровка елді мекенінен 2 шақырым жердегі Есіл өзеніне шомылуға кеткен 44 жастағы ер адам үйіне қайтып оралмаған.

Айыртау ауданында да соқталдай азамат тілсіз жаудың құрбаны болды. 39 жастағы ер адам Антоновка ауылы маңындағы Кіші Қоскөл көліне достарымен шомылуға барған. Жағалаудан 40 метрге ұзаған азамат жағаға қайта ораларда күші жетпей, суға бата бастаған. Достары құтқармақ болғанымен, іс-әрекеттері нәтиже бермеді.

Адам өлімімен аяқталған тағы бір дерек Мағжан Жұмабаев ауданы Ұзынкөл ауылы маңындағы жасанды қазаншұңқырда тіркелді. Жергілікті тұрғындар сол күні суға шомылуға барған. Демалыс 27 жастағы жігіттің өлімімен аяқталды.

«Бұл оқиғалардың барлығы 12 шілде күні шомылуға жарақтандырылмаған су қоймаларында болды. Қаза тапқандар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаған», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.

Жалпы облыста күн жылынғалы 8 адам суға кетті. Ал соңғы алты жылда 180 адам су құрбаны болған.


Жоғары қарай