Ауа райы
Астана 12 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да жаңа оқу жылында жаңа екі мектеп пайдалануға беріледі

2020 жылдың 12 тамыз 2020 12:38

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 107 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Қыркүйекте өңірде жаңа екі мектеп ашылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бүгін СҚО әкімі Құмар Ақсақалов брифинг өткізіп, жаңа оқу жылына дайындық барысы жайында баяндады.

Өңір басшысының айтуынша, мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Өткен жылы 142 мектеп күрделі жөнделсе, биыл олардың қатарына тағы 107-сі қосылмақ. Осылайша, екі жыл ішінде өңір мектептерінің жартысы жаңартылмақ. Бұдан басқа облыста үш мектеп салынып жатыр. Жаңа оқу жылында «Жас өркен» ықшам ауданында 900 орындық және Бескөлде 300 орындық заманауи екі мектеп ашылады.

Бүкіл мектептер бейнебақылаумен қамтамасыз етілді. 43 мектепке автобус, 231 мектепке жиһаз және 324 мектепке спорт құралдары алынды.

«Соңғы үш жылда 1 600 компьютер сатып алынды. Биыл карантин кезінде үнемдеу есебінен 580 компьютер алынып, оқушыларға таратылды. Оған қоса тағы 14 мың техника - ноутбук, компьютер және планшет жеткізіледі. Биыл алынатын техника соңғы 10 жылдағы компьютер санымен тең», - деді облыс әкімі.

Жалпы СҚО-да 477 мектепте 75 мың бала білім алады. Жыл санап оқушылардың саны өсіп келеді. 2018 жылы 7,7 мың бала бірінші сыныпқа барса, былтыр 8,5 мың оқушы мектеп табалдырығын аттады. Биыл бірінші сыныпқа 9 мыңға жуық бала келеді.

«Ауылдардағы 318 шағын мектепте оқу қалыпты режимде өтеді. Бір сыныпта 15 баладан аспауы тиіс, екі ауысымда оқиды. Қашықтан оқытатын мектептердегі бастауыш сыныптарда ата-аналардың өтініші бойынша 2 мың кезекші топ ашылады. Барлық балаларға тегін оқулық беріледі . Тиісті қаржы бөлінді. Балаларға сатып алынған 15 мыңға жуық компьютер таратылады. Бірінші кезекте техника табысы төмен отбасылардың балаларына, жетімдерге және ерекше балаларға беріледі. Сондай-ақ, 373 мұғалім компьютерлерді уақытша пайдалануға алады», - деді Құмар Ақсақалов.

СҚО-да бүгінде 635 елді мекен болса, оның 437-сінде кең жолақты интернет бар. Биыл тағы 133 ауыл интернетке қосылады. Осылайша жыл соңына дейін барлық ауылдардың 90 пайызы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілмек.

«Сенсор термометр, санитайзер мен дезинфекция құралының қажетті көлемі алынып жатыр. Мектеп асханалары уақытша жұмыс істемейді. 1 қыркүйектегі Білім күні 1-11 сынып оқушылары үшін қашықтан өтеді», - деді өңір басшысы.


Жоғары қарай