Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да жазасын өтеуші әйелдер арасында шаш сәндеуден байқау өтті

2020 жылдың 13 тамыз 2020 00:37

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдер шаш сәндеуден жарысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ЕС-164/6 мекемесінде өткен «ең үздік сәнді шаш» байқауына қатысуға барлық отрядтар тілек білдірген. Конкурсант қыздар алдын ала сән үлгісін таңдап, оған қажет түйреуіш-қыстырғыштарды әзірлеп, өз жұмыстарына таныстырылым жасады.

«Әйелдер қайда жүрсе де сұлулыққа, әдемілікке жақын болады. Біздің мекемеде жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектер де қатаң тәртіпке қарамастан үсті-бастарына қарап, үнемі таза киініп, шаштарын сәндеп жүреді. Ал эстетикалық байқаулар ұйымдастырғанда одан қалмауға тырысады. Бұл жолы да қатысуға тілек білдіргендер көп болды», - дейді СҚО ҚАЖД «ЕС-164/6 мекемесі» РММ жазасын өтеушілер арасында тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық қызметтің басшысы Оксана Вышар.

Байқауға қатысушылардың қиялы мен шеберлігіне қазылар алқасы таң қалды. Қыз-келіншектер шаштараз өнерінің түрлі бағыты мен стилін қамтыды. Бірінші отрядтың әйелдері той-мерекеге арналған классикалық үлгілерді таңдап, шашты маржандармен, гүлдермен безендірсе, екінші отрядтан қатысушылар «модерн» стилін таңдады. Олар шашты түрліше өрсе, 3 отрядтың конкурсанттары заманауи сән үлгілерін көрсетуге тырысты.

«Отрядтар арасында өткен шығармашылық байқау қатысушылардың ғана емес, олардың өнерін байқап, бағалап отырған көрерменнің де қызығушылығын тудырды. Қазылар алқасына, әсіресе ер адамдарға қатысушылардың ішінен жеңімпазды анықтау қиын болды. Мұндай байқаулар жазасын өтеушілердің көңіл күйіне жақсы әсер етеді, жаман ойдан арылтып, болашаққа үміт сыйлайды», - дейді Оксана Вышар.

Жоғары қарай