Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да жазасын өтеушілер ат әбзелдерін жасауды қолға алды

2021 жылдың 18 қараша 2021 19:54

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы түзету мекемесінде ат әбзелдерін дайындау бойынша өндіріс ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа өндіріс Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесінде ашылды. Оны жеке кәсіпкер ұйымдастырған. Цехта бастапқы кезеңде 4 сотталған жұмыс істесе, өндірістің кеңеюімен қазір қосымша тағы екі жазасын өтеуші еңбекпен қамтылды.

Таза былғарыдан жасалған жүген, ер, тоқым, жүген, ноқта, шылбырдың сапасы жоғары, сондықтан дайын өнім сұранысқа ие. Ат саймандарын мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де, тұрғындар да сатып алып жатыр.

«Маған жұмыс тауып бергендеріне рахмет айтамын. Осылайша соттың талабын орындап борышымнан құтылып жатырмын. Артылғанын туыстарыма жіберемін. Менің әйелім, үш балам бар. Жұмысым өзіме ұнайды. Әрі еңбек еткендіктен уақыт та тез өтеді. Мен бұл істі бүге-шігесіне дейін меңгеріп, жақсы шебер болуға тырысамын. Кейін босап шыққаннан кейін бұл іс маған пайдалы болуы мүмкін», - дейді жұмысшылардың бірі Николай.

Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, сотталғандарды түзеудің оңтайлы жолы –еңбекке тарту.

«Еңбекақы алудың арқасында сотталғандар үкім негізінде атқару парақтары бойынша берешекті өтеуге, жақын туыстарына материалдық көмек көрсетуге, оқшаулау жағдайында да мемлекеттің әлеуметтік белсенді азаматтары болып қалуға мүмкіндіктері бар. Еңбекке араласқан сотталған бір сәт өзінің бас бостандығынан айыру орындарында жүргенін ұмытып, өзін толыққанды адам ретінде сезінеді, алдына мақсат қойып, көңіл-күйі жақсарады», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.





Жоғары қарай