Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да жыл басынан 19 мас жүргізуші сотталды

2020 жылдың 21 шілде 2020 20:50

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мас күйде рөлге отырып, көлік басқарған 13 жүргізушінің бас бостандығы шектелді, үшеуі жазасын түзету мекемелерінде өтейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Шал ақын ауданы полиция бөлімінің арнайы тұрағына «МТЗ-82» тракторы қойылды. Оны 18 шілдеде нөмірі болмауына байланысты автопатруль тоқтатқан.

«48 жастағы жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрған, аяғын дұрыс баса алмаған. Соған қарамастан ол медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Тексеру барысында жүргізушінің өткен күзде 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды», - дейді тәртіп сақшылары.

Енді мас ұсталған жүргізуші ірі мөлшерде айыппұл төлеуі немесе 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Жамбыл ауданында егістік арқылы өтетін автожолда Қостанай облысының 49 жастағы тұрғыны «Volkswagen Caravelle» автокөлігінің рөліне ие бола алмай қалып, аударылған. Мас жүргізуші жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Бұған дейін ол мас күйде көлік жүргізгені үшін екі рет жауапқа тартылған. Сот шешімімен 2025 жылға дейін көлік басқаруға құқығы болмаған.

«Мас күйде көлік басқару жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болып есептеледі. Қаңтар айынан бастап басқару құқығынан айырыла тұра, мас күйде көлік жүргізгендер үшін жаза қатаңдатылды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті заңнамалық қадам», - дейді облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы Еңбек Сембин.

Жыл басынан өңірде полицейлер көлікті мас күйде басқаруға қатысты 36 істі сотқа жолдады. 19 қылмыстық іс бойынша 13 жүргізушінің бас бостандығы шектелді, 3-уі жазасын түзету мекемелерінде өтейді. Екеуі қоғамдық немесе түзету жұмыстарына тартылды. Олардың барлығы өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды.


Жоғары қарай