Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-дағы әйелдер колониясында келіндер байқауы өтті

2021 жылдың 5 наурыз 2021 18:37

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/6 мекемесінде халықаралық әйелдер күніне орай келіндер байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

164/6 мекемесінде мереке қарсаңында «Супер келін» атты байқау ұйымдастырылды. Келіншектер әдемілік пен әдептіліктен, қонақжайлықтан және қол өнерінен сынға түсті, деп мәлім етті қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметі.

Байқауға мекеменің барлық отрядтарының өкілдері дайындалды, олардың әрқайсысының өз шығармашылық көмек және қолдау тобы болды.





Елена үш жылдан бері әйелдер колониясында жазасын өтеп жатыр. Ол барлық байқауларға, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Үлгілі тәртібі үшін бостандыққа мерзімінен бұрын шығуды армандайды. Бұл жолы да «Супер келін» байқауына қатысып, бірінші орынға таласып бақты.

«Раушан гүлінің суретін салдым, қамыр илеп, еттің нанын жайдым. Үлкен, әрі тату отбасымның болғанын қалаймын. Істеген ісіме өкінемін, тезірек бостандыққа шыққым келеді», - дейді байқауға қатысушы Елена.

«Супер келін» байқауы мекемеде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолы қатысушылар 4 сыннан өтті. Қолдан жасаған бұйымдарын көрсетті, қонақжайлық танытып, салт-дәстүрді паш етті. Сондай-ақ қазылар алқасына алдын ала әзірлеген шығармашылық нөмірді ұсынды.

Жазасын өтеуші Л. «Супер келін» деп танылды. Ол бағалы сыйлықпен марапатталды.

Сондай-ақ қатысушылардың арасынан «ең қонақжай келін» және «ең еңбекқор келін» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Бүгін жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Бұл байқауға ұзақ дайындалдым, еңбегім еш кетпеді. Бостандыққа шығысымен өз кәсібімді ашпақ ойым бар. Балаларымды қатты сағындым», - дейді байқау жеңімпазы Л. есімді келіншек.





Жоғары қарай