Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО дүкендеріндегі азық-түліктің 65 пайызы - отандық өнім

2020 жылдың 8 шілде 2020 06:34

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар күнделікті тұтынатын нан мен жұмыртқа, көкөністен картоп, қызылша, қияр - 100% жергілікті өнім, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Құмар Ақсақалов Ақжар ауданына сапары барысында 5 айдың қорытындысын шығарды. Оның нәтижесі бойынша, экономикалық өсім жаман емес. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,5% артты.

«Мал шаруашылығында өсім жоғары. Бұған 7 сүт фермасының толық қуатында жұмыс істеуге көшуі әсер етті. Облыста 68,4 мың тонна сүт өндірілсе, оның 8,5 мың тоннасы осы фермаларға тиесілі. Биыл тағы 10 заманауи сүт кешенінің құрылысы басталды», - дейді Құмар Ақсақалов.

Ақжар ауданында, әзірше, мұндай бір ғана сүт фермасы бар. Кәсіпкерлер сүт өндірісін дамытуға асығар емес.

«Облыста ет және сүт өндірісін дамытуға жағдай бар. Табиғаты мал өсіруге қолайлы, мұны тиімді пайдалануымыз керек. Өзімізде шығарылатын өнім арзанға түседі және сапалы болады», - дейді өңір басшысы.

Қазіргі таңда ірі сауда орындарының сөрелеріндегі азық-түліктің 65% ғана жергілікті және отандық өнімдер. Қалғаны сырттан жеткізіледі. Соңғы бірер жылда Солтүстік Қазақстанда шығарылатын сүт өнімдерінің түрі 98-ден 150-ге дейін артты. Жергілікті кәсіпкерлер ет өнімдерінің 90 түрін тұтынушыларға ұсынып отыр.

Қазір дүкендердегі нан, жұмыртқа, картоп, қызылша мен қияр ғана 100% жергілікті өнім. Сондай-ақ өндірушілер облысты сары маймен 71%-ке, ұнмен 56%-ке қамтып отыр. Пастерленген сүттің 50%, шұжық өнімдерінің 39%, айранның 38%, жармалардың 12% жергілікті өнім алады.

Жоғары қарай