СҚО-ға биыл 124 мыңнан астам турист келген

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына биыл тоғыз ай ішінде 124 мыңнан астам турист келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО-ның кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму саласының биылғы жұмысы қорытындыланып, келер жылға жоспарлары айтылған баспасөз мәслихаты өтті. Басқарма басшысының орынбасары Данияр Исаевтың айтуынша, коронавирус індетіне қарамастан өңірге келген туристер саны артқан. Биыл облысқа тоғыз ай ішінде 124,2 мың адам келген, өткен жылдың осы кезеңінде өңірде 69,5 мың адам болған.
«Имантау-Шалқар курорттық аймағы республикалық маңызы бар ТОП-10-ға кірді. Бұл аймақта туристердің жақсы демалуына жағдай жасалып жатыр. Соңғы үш жылда
Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында қазір 40 демалыс базасы, оның жетеуі жыл бойы жұмыс істейді. Биыл 45 орынға шақталған «Имантау демалыс базасы және 24 орындық «Эккерт С.А.» қонақ үйлері ашылды.
«Бұдан басқа 200-ге жуық орындық 8 жоба жүзеге асып жатыр. «Шалқар Су» санаторийінде 1 млрд теңгеге күрделі жөндеу басталды. Демалыс орны 120 орынға арналған. Келер жылдары 5 үлкен жобаны жүзеге асырмақпыз, олар: көпсалалы туристік кешеннің, глэмпингтердің, «Балалар» спорттық-ғылыми балалар лагерінің және эко-отельдің құрылысы», - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Маманның айтуынша, келер жылдан бастап туристік нысандарды салып, жаңғыртқандарға шығындарының 10 %-ы, автокөліктерді сатып алғандарға 25 %-ы, жол бойында сервис нысандарын салушылардың жұмсаған қаржысының 10 %-ы және санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға бекітілген төлем – 83,3 мың теңге қайтарылмақ.