Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-ға отбасымен қонаққа келген қостанайлық жігіт суға кетті

2021 жылдың 31 мамыр 2021 19:32

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 27 жастағы қостанайлық жігіт Есіл өзеніне суға кетті. Ол отбасымен достарына қонаққа келген екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 мамыр күні Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Урожайное елді мекенінің маңында Есіл өзенінде ер адам суға кетті. Сол күні жастар отбасыларымен бірге демалуға барған. Ол жердің ерекшелігі - өзеннің жағасы тік жар болып келеді. Жігіттер суға шомылған. Ал біреуі жардан өзенге секірген. Жағаға жүзіп келе жатып, иірімге кезіккен. Абыржып, не істерін білмей қалған. Салдарынан суға кеткен.

«Ер адамның денесін оқиғаның куәгерлері мен ауыл тұрғындары 40 минут ішінде тауып, жағаға алып шықты. Мерт болған ер адам Қостанай облысының тұрғыны, бұл жаққа жолдастарына отбасымен қонаққа келген екен. Жанында әйелі, балалары болған.

Урожайное елді мекенінің маңындағы Есіл өзенінде суға шомылуға арнайы орын жарақтандырылмаған. Демалушылар ол жайында білген, соған қарамастан суға шомылуға келген. Қаза тапқан жігіт 27 жаста», - дейді азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Кирилл Иванников.

Мамыр айының ортасынан бастап өңірде үш қайғылы жағдай тіркелді. Соның біреуі 23 мамыр күні «Сосновый бор» демалыс орнында болды. Ол жолы колледждің ұстазы мен соңғы курс студенті суға кеткен еді.

Тағы бір оқыс оқиға осы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 25 мамыр күні Ялта ауылының маңындағы Құлагер өзенінде болды. Суға кеткен адамның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оқиға анықталып жатыр.

Жалпы, еліміздегі су қоймаларының 45 % Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Мамандардың айтуынша, бұл - 2 мыңнан астам көл, 60 шақты өзен, 117 қазаншұңқыр. Соларда тек суға шомылуға болатын 58 арнайы орын ғана бар. Қалған жерде суға түсуге болмайды, адам өміріне қауіпті.


Жоғары қарай