Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО мектептерінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жетіспейді

2021 жылдың 15 желтоқсан 2021 14:20

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 462 мектеп болса, соның 395-інде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жоқ. Мағжан Жұмабаев ауданында үш тәртіп сақшысы 41 мектепке қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда «Nur Otan» партиясы СҚО филиалы жанынан білім және ғылымды дамыту бойынша құрылған қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, Білім және ғылым министрінің тапсырмасына орай облыстың мемлекеттік орта, техникалық, кәсіби білім беру мекемелеріне мониторинг жүргізіліп, қауіпсіздіктің сақталуы тексерілді.

СҚО-да 462 мектеп бар, оның 106-сы толық, 356-сы шағын комплектілі мемлекеттік білім беру мекемелері. 18-і техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары.

«Мониторинг барлық мектеп-колледждерде бейнекамералардың барлығын көрсетті. Алайда 462 мектептің 390-ы мамандандырылған күзетпен қамтылмаған. 395 мектепте кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жоқ. Мағжан Жұмабаев ауданында үш инспектор 41 мектепке қызмет көрсетеді. 212 мектепте дабыл түймесі жоқ. Ал Ақжар ауданының 24 мектебінде балалардың қауіпсіздігіне жауапты тұлға бекітілмеген», - дейді Айнагүл Сұрағанова.

Колледждерде де олқылықтар анықталды.

«Облыста 18 колледж болса, соның 13-інде мамандандырылған күзет қызметі жоқ. 8 колледж кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен қамтылмаған. 11 колледжде турникеттер қойылмаған. Ал бір оқу орнында бөгде адамдардың колледжге кедергісіз кіруіне шектеу қойылмаған», - дейді департамент басшысы.


Жоғары қарай